Білім

СҚО-да ҰБТ-ның алғашқы кезеңінде 2062 оқушы сынақ тапсырды

Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің қаңтар айындағы кезеңі аяқталды. Сынаққа биыл мектеп бітіретін 3400-ден астам оқушының басым бөлігі қатысқан. Барлығы – 2062 жас бағын сынап көрді.

ҰБТ-ның алғашқы кезеңі аяқталды. Қаңтардың 20-сы мен 29-ы аралығында университет қабырғасында ұйымдастырылған сынақта 1051 оқушы бағын сынады. Олар – Есіл, Мамлют, Қызылжар, Аққайың аудандары мен қалалық мектептердің түлектері. Ал 50-і белгілі бір себептерге байланысты келе алмапты.

Гүлмира Оспанова – Kozybayev University қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Бұл алғашқы кезең болған соң ба, оқушылардың басым бөлігі жауапкершілік танытты. Ешкім телефонын алмаған. Тестілеу кезінде де ереже бұзушылық тіркелмеді. Сынақ арнайы әзірленген 11 аудиторияда өтті.

Шектік балды қанша оқушының жинай алмағандығы туралы ақпарат әлі анықталып жатыр. Бірақ, кімнің жоғары ұпай алғандығы белгілі болды. Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы қызы тестілеудегі сұрақтың 122-сіне дұрыс жауабын берген. Сәбина Тастемір 3 негізгі пәнге қоса, қазақ тілі мен әдебиетін терең оқып жүр. Білімді қыз болашақта мұғалім болуды армандайды.

Сәбина Тастемір – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– ҰБТ-ға дайындықты тамыз айынан бастадым. Күнімнің 2\1 бөлігін тестілеуге арнаймын. Бастапқыда кітаптарды оқыдым. Келесі сынақ онлайн ұйымдастырылатын болады. Оған өте қатты дайындалудамын. 130-дан асырамын деп үміттенемін.

Әзірге, облыс бойынша ең жоғары ұпайды Сәбина Тастемір иеленіп отыр. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Гүлмира Оспанова өз сөзінде тестілеудің нәтижесіне көңілі толмаған жастар жайлы да айта кетті.

Гүлмира Оспанова – Kozybayev University қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Сондай-ақ, сынақтың нәтижесіне көңілі толмаған 10-нан астам оқушы апелляцияға өтінім жазды. Мамандар талапкерлердің шағымын қарады. Нақты қай сұрақта қателік жібергендігін егжей-текжейлі түсіндірді.

Ал облыс бойынша биыл мектеп бітіретін 3400-ден астам оқушының басым бөлігі ҰБТ тапсырған. Яғни, 2062 талапкер сұрақтардың жауабын беріпті.

Мария Исмағамбетова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Облыс бойынша сынақ тапсыруға арналған 7 пункт әзірленген болатын. Тестілеу университеттен өзге, Айыртау, Ақжар, Тайынша, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов және Есіл аудандарында ұйымдастырылды. Арнайы талаптарды бұзуға қатысты 1 ғана факті тіркелді. Оқушы ҰБТ барысында телефонмен ұсталды. Оның жауаптары толықтай жойылды.

Түлектер осы сынақта жинаған ұпайлары арқылы жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсе алады. Ал грантқа үміткерлер наурыз және маусым айларында өтетін тестілеуге де қатысулары керек.

 

 

Маржан Касымбек