Құқық қорғау органдары

СҚО-да 3 күннің ішінде 15 мас жүргізуші анықталды

Облыста “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Кезекті акцияның 3 күні ішінде солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары 1400-ге тарта құқық бұзушылық анықтады.

Басым бөлігі қауіпсіздік белдігін тақпау, рөлде отырып телефонмен сөйлесу және жылдамдықты асыру фактісі болып табылады. Рұқсат етілмеген жерден немесе бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту жайттары да тіркелген. Ащы судан ұрттап, есірткі қабылдап алып автомобиль тізгіндегендер де құрықталды. Полицейлер “Volkswagen Polo” машинасын басқарған 25 жастағы петропавлдықты ұстады. Оны тексере келе зиянды затты қабылдағаны белгілі болды. Жігіт сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынды. Алдағы уақытта 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылмақ.

Азамат Жамұқов – СҚО ПД ЖПҚБ аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Іс-шараның негізгі мақсаты – көлікті масаң күйде басқару фактілеріне жол бермеу, жол қауіпсіздігін арттыру. Машинаны масаң күйде басқаруға болмайтынын түсінген жөн. Мас жүргізуші – жол қозғалысы қатысушыларының өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін адам. Жалпы, 3 күннің ішінде ащы судан ұрттап алған 15 жүргізуші анықталды.

Култанов Байболат