Қоғам

Коронавирус үй жануарларынан адамға жұғуы мүмкін бе?

Қазір Қазақстанның кейбір өңірлерінде тұрғындардың үй жануарларын арнайы орталықтарға өткізулері жиілеген. Бұған ветеринарлар алаңдаушылық білдіруде. Айтуларынша адамдардың көпшілігі ит пен мысық  коронавирус жұқтырады деп күдіктенетін көрінеді.

Бұл – “Аза” есімді алабай. Бір жарым жыл бұрын төрт аяқты жеке секторды күзетіп, қожайынына адал ит болған. Бірақ, күндердің бір күнінде жануар күзеткен тұрғын үй отқа оранады. Содан бұл далада қаңғып қалады. Петропавлдықтар көшеде бос жүрген үлкен итті фотоға түсіріп, инстаграм желісіне салған. Мұны “Шанс на жизнь” қаңғыбас иттерге арналған орталығының жетекшісі Ольга Лапшакова көріп, төрт аяқтыны іздестіреді.

Ольга Лапшакова – “Шанс на жизнь” қаңғыбас иттерге арналған орталығының жетекшісі:

– Бір жарым жыл бұрын бұл итті базардың жанынан тауып алдық. Ол кезде жануардың жағдайы мүшкіл еді. Оған екі бірдей ота жасалды. Басында өте агрессивті болды. Уақыт өте келе бізге үйренді. Қазір Аза – орталықтың басты күзетшісі.

Алабайдан бөлек мына орталықты тағы 300-ге жуық ит мекен етеді. Олардың әрқайсысы қайғылы оқиғаны бастан кешірген. Бұған тек жауапсыз адамдар кінәлі. Кейбіреуі, тіпті, қолына жануарды алған соң жарты жыл өтпей жатып қаңғытып жібереді екен. Күшік болса лақтырып тастайды. Осыдан қаңғыбас иттердің саны көбейеді.

Ольга Лапшакова – “Шанс на жизнь” қаңғыбас иттерге арналған орталығының жетекшісі:

– Ит-мысықтарды тамақтандырып, күтіп-баптап жүргеніме 8 жыл болды. Осы аралықта орталыққа неше түрлі жағдайдағы жануарлар жеткізілді. Біреуін үсік шалса, енді біреуін көлік қағып кеткен. Барлығын емдеп шықтық. Қажет жағдайда ветеринарлық клиникаларға апарып, ота да жасатамыз. Жалпы, менің қарамағымда 450-ден астам төрт аяқты бар. Оның 300-ін осы жерге орналастырдық. Қалғандары – Вишневка селосында.

Ольга Лапшакованың сөзінше жомарт жандар барынша көмектесіп тұруға тырысады. Бірақ, олардың саны көп емес. Айтуынша, қазір жануарларды ұстап отырған жер таршылық етеді.

Жалпы, ел бойынша қазір мынадай құбылыс байқалып отыр дейді жануарлардың жанашырлары. Яғни ит-мысығынан коронавирус жұғады деген күдікпен оларды арнайы орталықтарға әкеліп тастайтындар көбейген. Ветеринарлық клиника жетекшісі Евгений Мищенко бұл жөнсіз әрекет дейді.

Евгений Мищенко – ветеринарлық клиника жеткешісі:

– “Ит-мысықтар адамға коронавирус жұқтыруы мүмкін бе?” деген сұрақты маған алғашқылардың бірі болып наурыз айында полиция қызметкерлері қойды. Себебі, оларда кинологиялық орталық жұмыс істейді. Кейін клиенттерім де осындай сұрақ қоя бастады. Бірақ, жануарлар адамға коронавирус жұқтыра алмайды. Сондықтан, еш алаңдаудың себебі жоқ.

Айта кетейік, бүгінге дейін елімізде жануарлардан коронавирус, әзірге, табылған жоқ.

 

 

 

 

Ешкенова Дана