Мәдениет

“Күмбірлеген домбыраның сазды үні” атты онлайн-көрме өтті

Күмбірлеген домбыраның сазды үні. Осындай атаумен бүгін Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Құрманғазы Сағырбайұлына арналған онлайн-көрме
ұйымдастырылды. Іс-шарада күй атасының өмірбаяны мен танымал туындылары жазылған кітаптар көрермен назарына ұсынылды.

“Сарыарқа”, “Балбырауын”, «Кішкентай», “Адай”. Бұл – Құрманғазы Сағырбайұлының туындылары. Күй атасы өзінің еңбектерінде азаттықты аңсап, бостандықты жырлаған. Қазіргі таңда 60 шақты туындысы белгілі. Ал бүгінгі көрмеге қазақ халқының ұлттық өнерінен ойып тұрып орын алған тұлғаның өмірінен сыр шертетін және танымал туындылары жазылған еңбектер қойылып отыр.

Анар Қусанова – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК қызметкері:

– Біздің кітапханамызда бүгін бастау алған, яғни танымал тұлғаларға арналған іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізілетін болады. Оқырмандар мұның барлығын кітапхананың фэйсбук, инстаграм парақшаларынан тамашалай алады.

Жалпы, Құрманғазы Сағырбайұлының өнерге, нақтырақ айтсақ, күйге деген қызығушылығы ерте жастан-ақ білінген. Бірақ, тума талант иесі шығармашылық жолын бала күнінде емес, 18 жасында нақты бастапты. Оның белгілі домбырашы болып қалыптасуына ата-анасы мен замандастары септігін тигізген екен.

Анар Қусанова – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК қызметкері:

– Құрманғазы Сағырбайұлының замандастары да талантты болған. Ол айналасындағы дарын иелеріне қарап, бой түзеген, өзінің өнерін одан әрмен шыңдаған. Бірге бүгінгі күнге дейін мән-маңызын жоймаған туындыларды дүниеге әкелген. Мәселен, Дәулеткерей Шығайұлымен бірге күй жазған. Сонымен қатар, бірталай додаларға қатысқан.

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері алдағы уақытта Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар легін өткізуді жоспарлап отыр.

 

Казиканова Алтынай