Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде коронавирусқа қарсы вакцинаны егу науқаны басталды

Ақпанның бірінен Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаны егу науқаны бастау алды. Өңір бойынша барлығы 19 пункт жұмыс істейді, оның 4-уі Петропавлда орналасқан. Аймаққа Ресейде шығарылған «Спутник V» екпесінің 1200 дозасы жеткізілді, бірінші кезекте ол медицина қызметкерлеріне қойылуда. Ал сәуір айынан бастап жаппай иммундау шарасында  отандық вакцина да қолданылмақ.

Коронавирусқа қарсы вакцинаның дайындалуын әлем болып бір жылдан аса уақыт күттік. Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен 8 екпе түрі құпталып, 40-тан аса ел тұрғындарына қойылуда. Тізімде Қазақстан да бар. Ал отандастарымыз вакцина алуға дайын ба екен?

– Мен вакцина қою қажет деген ойдамын. Коронавирусқа қарсы иммунитет барлығында бірдей қалыптаспайды ғой. Сондықтан, бас амандығы үшін екпе алған жөн. Әзірге, тек тегін белгілі бір топ өкілдеріне қойылады екен, егер ақылы болып жатса, міндетті түрде барамын.

 – Интернетке кіріп оқысаң, адамдардың ойы екіге бөлінеді. Мен бұл сұрақты зерттеп көргенім жоқ, сондықтан айта алмаймын.

– Карантин әбден мезі қылды. Қалыпты өмірге оралғымыз келеді. Үйде емес, колледжде оқып, жұмысқа шығатын сәтті асыға күтіп жүрмін. Халықтың дені вакцина алса, бұл процесс жеделдейді ғой. Сондықтан, қолдаймын.

Бізге кездескен қалалықтар бірауыздан құптаса да қарсылық білдірген тұрғындар да болды. Бірақ, коронавирустан жаппай екпе алу – бір жыл бұрынғы өмірге тезірек оралудың бірден-бір жолы дейді мамандар. Вакцина алуды алғашқылардың бірі болып Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов бастап, ақ қайыңдар өлкесіндегі әріптестері қостап жіберді. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев, бас полицей Марат Төлебаев пен денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов – алғашқылардың сапында. Айтуларынша, жағдайлары жақсы, еш ыңғайсыздық сезінбейді.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Екпенің өзі ауыртпайды. Саусақтан қан алғандай сезімде боласың. Біз 1100-1200 медициналық қызметкерді вакциналауды жоспарлап отырмыз. Ең бірінше кезекте екпе инфекциялық стационарларда еңбектенетін ақ халаттыларға қойылады. Әрине, коронавирусқа шалдыққан науқастармен жұмыс істемейтін дәрігерлер де вакцина аламын десе, қарсылық білдірмейміз.

Вакцина алмас бұрын азаматтар жіті тексеріледі. Дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншағы қаралғаннан кейін ғана дәрігер препаратты егуге өз рұқсатын береді. Ақ халаттылардан кейін екпе полиция қызметкерлері, педагогтар мен созылмалы аурулары бар тұрғындарға қойылады. Ресейлік вакцина 2 компоненттен тұрады. Бүгін жерлестерімізге біріншісі егілді, ал екіншісін тура 21 күн күннен кейін алмақ. Содан соң ғана адам бойында ковид-19-ға қарсы иммунитет қалыптаса бастайды.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Өздеріңіз білетіндей бірінші кезеңде бізде Ресейде шығарылған вакцина қолданылады. Кейін оны Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде өндіретін болады.

QazCovid-in вакцинасы өткен жылдың мамырында әзірленіп, бірнеше кезеңдік сынақтан өтті. Алғашқы екі фазасында екпе ерікті ретінде өтініш білдірген 244 адамға қойылды. Соңғы сатысында тағы 3 мың адамға вакцина егу көзделіп отыр. Ал сәуірден бастап қазақстандық препарат жаппай қолданысқа енгізіледі. Айта кету қажет, вакцина өңірде 19 пунктте қойылады, олардың 4-еуі Петропавл қаласында орналасқан.

 

Эльмира Садвокасова