МТРА жаңалықтары

Бүгін СҚО толығымен цифрлық телехабар таратуға көшті

Бүгін СҚО аналогтық телехабар таратудан толығымен сандық форматқа көшті. Жаңашылдық өңірде 600-ден астам елді мекенді қамтиды. Алдағы уақытта қалған 21 ауыл тұрғындары да теларналарды цифрлы жүйеде тамашалау мүмкіндігін иеленбек.

СҚО-да цифрлық форматқа көшу 2013 жылы бастау алды. Осы күнге дейін ауқымды шаруа атқарылды. Қазір аймақта 42 радиотелевизиялық станция жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі былтыр жаңғыртудан өткен. Ал жақында мынадай су жаңа 2 мультиплекс деп аталатын қондырғы пайда болды. Заман игіліктерінің көмегімен бүгіннен бастап облыс аумағында толық цифрлық телехабар таратуға мүмкіндік бар.

Дальмира Шигаева – “Қазтелерадио” АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– “Қазтелерадио”-ның жергілікті филиалында 13 телевизиялық хабар таратушы бар. Бүгін олардың жұмысы тоқтатылып, алдағы уақытта демонтаждалатын болады. Енді телехабар таратуда маңызды рөлді мультиплекс атқармақ. Сандық форматқа көшу арқылы тұрғындарға “Қазспорт”, “Ел арна”, “Балапан” сияқты республикалық және бірқатар жергілікті арналар қолжетімді болмақ.
Тарихи сәт! Дәл қазір аналогтық телехабар тарату тоқтатылып, өңіріміз толықтай цифрлық форматқа көшті.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

 – Бұрын ауылдарда 3-4 телеарна ғана көрсетілетін. Бүгін бұл көрсеткіш 10-15-ті құрайды. Тағы, жақында Абайдың 175 жылдығына орай “Абай” атты арна ашылды. Ол да ауыл тұрғындары үшін енді қолжетімді. Мен “Қазтелерадио”-ға алғысымды білдіремін. Өйткені, біз алғашқы облыстардың бірі болып цифрлық телехабар таратуға көшіп отырмыз.

Жалпы, жергілікті “Қазтелерадио” орталығында 120 адам еңбек етеді. Араларында техникаға мониторинг жүргізетін 3 инженер бар. Басты жауапкершілік дәл осы мамандарға жүктелген.

Андрей Сергейчик – “Қазтелерадио” АҚ СҚО радиохабар тарату дирекциясы филиалының инженері:

– Біз орталықтағы техниканың жағдайын үнемі қадағалап отырамыз. Олқылықтар анықталған жағдайда оларды тез арада ретке келтіреміз. Аймақтағы 40-тан астам станция да біздің жіті бақылауымызда. Шешілмейтін проблемалар болса, Алматы қаласындағы әріптестерімізбен байланысқа шығамыз. Цифрлық форматқа көшудің арқасында қызметіміз жеңілдей түспек. Енді ісіміздің басым бөлігі автоматты түрде атқарылмақ.

Бүгіннен бастап өңірде 600-ден астам елді мекеннің халқы отандық телеарналарды сандық форматта тамашалайтын болады. Ал бұл – облыс тұрғындарының 98 пайызы. Әзірге, 21 ауыл тыс қалып отыр. Дегенмен, бұл мәселе де алдағы уақытта оң шешімін табады деді “Қазтелерадио” өкілдері. Айта кетейік, бүгіннен бастап цифирлік эфирлік телехабар тарату жүйесіне Солтүстік Қазақстаннан бөлек, Алматы қаласы да қосылып отыр. Ал жыл соңына дейін мұндай жұмыстар Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысында жүргізілмек.

 

 

 

Бисенова Жанна