Құқық қорғау органдары

66 жастағы қала тұрғыны алданып, 2 млн 700 мың теңгесінен айырылып қалды

Кибералаяқ 66 жастағы петропавлдықты сан соқтырып кетті. Ол өзін банк қызметкерімен деп таныстырып, бақандай 2 млн 700 мың теңгені қалтасына басқан.

Пысықай егде жастағы тұрғынға “Сіздің шотыныңыздан белгісіз біреу ірі көлемдегі соманы алмақ болып жатыр” деген. Ал бұған жол бермеу үшін банк картасының құпия кодын айту керектігін мәлімдеген. Қарт қоғамда интернет-алаяқтардың барын біліп, бастапқыда әңгімеге сенбепті. Алайда, күдікті оның шотында қанша қаржы барын, соңғы рет қандай операция жасалғандығын дәл айтып берген. Нақты ақпар ұсынылғандықтан петропавлдық пин-кодын жайып салған. Артынша ақша да жоғалған. Зейнеткер алаяқтың арбауына түскенін ұғып, полицияға жүгінеді. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы “Алаяқтық” бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарды барынша сақтық танытып, жеке деректерді ешкімге айтпау қажеттігін ескертеді.

Казиканова Алтынай