МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өткен жылды қорытындылады

Өткеннен сабақ алып, жаңа жоспарлар құру. Бүгін елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша алқа отырысы өтті. Шара барысында агенттік төрағасы Алик Шпекбаев тікелей эфир арқылы ағымдағы жылға қойған мақсаттарды да баян етті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов те қатысты.

2020 жыл тарихтағы ең ауыр кезеңдердің бірі болып есте қала бермек. Ойда-жоқта тап берген пандемия халықтың тұрмыс жағдайын түбегейлі өзгертті. Карантиннің кесірінен жұмысынан айырылып жатқан жандар көп болды. Осы уақыта жұрт билікке үміт артып, мемлекет тарапынан қамқорлық пен көмек күтті. Әрине, Қазақстан өз азаматтарын назарсыз қалдырмады. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға қаржылай да, азық-түлікпен де жәрдем берді. Ал табысынан айырылғандарға ақшалай қолдау көрсетті. Бірақ, кейбір лауазымды тұлғалар осы беріліп жатқан көмектің кейбірін қараша халыққа жеткізбей қалталарына басқан жайттар кездескен.

Алик Шпекбаев – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

– Халық биліктен көмек күтіп отырғанда кейбір шенеуніктер мен топ-менеджерлер парақорлықпен айналысты.

Қазіргі күні Агенттік тарапынан түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Адалдық алаңы» жалпыұлттық қозғалысының арқасында 317 әкімдік сервистік форматқа көшті, 2300-ден астам кедергісіз фронт-офис пен оупен спейс қызметтері жұмысын бастады. Мұндай жобалар мемлекеттік қызметті цифрландыруға айтарлықтай серпін берді. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша мемлекеттік қызметтерді сандық форматқа көшіру деңгейі 93 пайызға жетіп отыр.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Қазіргі уақытта агенттіктің жанында көптеген жобалар бар. Солардың арлығын қосып басқарушылық комитет құру мәселесін де атап өтті.

Шара барысында Алик Шпекбаев мемлекеттік сатып алулар саласына қатысты да жаңа көзқарас қалыптастыру қажеттігін айтты.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Мемлекеттік сатып алулар – ең көп жемқорлықтар жасалатын сала. Енді Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірігіп мониторинг жүргізетін болады.

«Тәрбие тал бесіктен». Балаларды ерте жастан адал болуға үйрету – жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді жолы. Осы орайда мамандар мектеп пәндерінің бағдарламасына енгізу үшін «Адалдық әліппесін» әзірлеу бастамасы қарастырылып жатыр дейді.

 

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан