Кеше елімізде латын графикасына негізделген жаңа әліпби нұсқасы ұсынылды. Осыған орай елордада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді.
Шара барысында әліпбиді жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы сөз қозғалды. Айта кетейік, жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, ол тек латын әліпбиінің базалық жүйесіндегі таңбалардан құралған. Мұнда қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығына жоспарланып отыр. Үкімет басшысы өз кезегінде латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі:
– Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек.
Бердимурат Баймухан