Балалар

Петропавлдық Дінмұхаммет Нұркенов – “Елбасы Медалі” байқауының жүлдегері

Жақында 196 жерлесіміз “Елбасы Медалі” байқауының қола жүлдегері атанды. Асығы алшысынан түскен солтүстікқазақстандықтардың арасында химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-ші сынып студенті Дінмұхаммет Нұркенов те бар. Еңбекқор жас үздіктердің қатарынан көріну үшін 6 ай көлемінде тынымсыз тер төккен.

Дінмұхаммет Нұркенов химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды. Білімді әрі спортқа жаны жақын жеткіншекке осыдан жарты жыл бұрын анасы «Елбасы медалі» байқауына қатысу туралы ұсыныс тастапты. Ұсынысты Дінмұхаммет құп алып, конкурсқа өтініш жіберген.

Дінмұхаммет Нұркенов – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Бұл ұсыныс маған жазда түсті. Ол кезде бос уақытым көп болатын. Сол бос уақытымды тиімді өткізу үшін байқауға қатысу туралы шешім қабылдадым. Оның үстіне басқа мектептерде оқитын құрбы-құрдастарымның да бақ сынайтынын естідім. Мен өзімнің бойымдағы қарым-қабілетімді тексеріп көргім келді.

Жасөспірімнің таңдауы қола медалға түскен. Ал оған қол жеткізу үшін 6 ай түрлі сынақтан өту қажет. Алғашқы 3 айда Дінмұхаммет ұйымдастырушылық тараптан жолданған спорттық нормативтерді орындапты, еріктілік қызмет атқарыпты және ұлттық ойындарымызбен жақынырақ танысып, қатарластарымен ойнапты.

Ал 2-ші кезеңде “Дарын мен дағды”, “Кітап оқу” бағыттары бойынша ұйымдастырушыларға есеп жіберген.

Дінмұхаммет Нұркенов – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Бұған дейін 5 жыл аралас жекпе-жекпен айналыстым. Сол себепті, маған дене жаттығулары таңсық дүние емес. Басқа бағыттарға қарағанда осы “Спорт бағытындағы” нормативтерді орындау оңайырақ болды.

Қыркүйек келіп, сабақ басталған уақытта Дінмұхамметке сынақ қиынға соғыпты. Кей кезде тапсырмаларды орындауға уақыт таппаған екен. Сонда жеткіншекке, тіпті, “Сайыстан шығып кетсем бе?” деген ой келіпті. Бірақ, ата-анасы, туған-туыстары бір істі бастағасын, соңына дейін жеткізу қажет деген ақыл айтқан. Төккен тер ақталды. Жақында жерлесіміз “Елбасы медалі”-нің қола жүлдегері атанды. Бұл марапатпен Назарбаев Зияткерлік мектебінің студентіне ЖОО-на грантқа түсуге мүмкіндік артпақ.

 

 

 

Алдияр Айтпаев