МТРА жаңалықтары

Ботаникалық бақтағы мандарин ағашы жеміс берді

Петропавлда қыстың қақ ортасында тропикалық ағаш жеміс берді. Ботаникалық бақта мандарин өсіп тұр. 60 жылдық ағаш 40-қа жуық жеміс берген.

Бұл – мандарин ағашының каламондин дейтін түрі. Оның дәл осылай аталуына қысқа болып және жылыжайда өсуі себеп. Жасыл желектің биіктігі көп дегенде 1 жарым метрге жетеді екен. Мандариннің бұл түрі қысы-жазы күн шыжып тұратын сонау Оңтүстік Америкада жиі кездеседі. Ал былтырғы қыста Петропавлдағы ботаникалық бақта өңір тарихындағы сенсация тіркелді. Біздің табиғатымызға мүлде сай келмейтін ағаш алғаш рет гүлдеп, 3 жеміс берді. Биыл, тіпті, 40-тан аса мандарин өсіп шыққан.

Артур Рязапов – Ботаникалық бақтың директоры:

– Ағаш тропикалық елдерде Жаңа жылға дейін жеміс береді. Ал бізде сәл кештеу, мандарин қаңтар айының соңында ғана өсіп шығады. Гүлі 1 аптаның ішінде жасыл түске боялып, тағы 7 күнде сары түске енеді. Мандарин диаметрі 7 см-ге дейін өседі.

Жемістің дәмін татып көрген жоқпыз. Десе де, мамандар оның қандай болатынын сөзбен айтып берді. Сөздерінше, мұндағы мандарин дүкендерде сатылатындарға қарағанда аздап қышқылдау. Бірақ, дәрумендерге бай болады екен.

Артур Рязапов – Ботаникалық бақтың директоры:

– Қытайда мандарин бақыт, байлық және ұзақ өмір сүрудің символы деп есептеледі. Олар бір-бірінің үйіне қонаққа барғанда осы жемісті сыйға тартады. Себебі, мандариннің адам денсаулығына беретін пайдасы зор. Оның шырыны жөтелді, тері және тырнақтағы жараларды емдейді. Ал қабығы бронхит, ұйқысыздық пен жоғары қан қысымынан айықтырады.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Мандарин жылуды ерекше жақсы көреді. Ағаш орналасқан жылыжайдағы температура +20-25 градустан төмен түспеуі керек. Күніне кем дегенде 1 рет суарып тұру аса маңызды. Әрине, жемістің пісуі үшін біраз уақыт керек. Мамандар ұзындығы 1 жарым метрді құрайтын мына ағашты өсіру үшін жарты ғасырдан астам уақыт жұмсаған.

Тропикалық ағаш біздің өңірге қалай тап болды? Енді осыған тоқталайық.

Артур Рязапов – Ботаникалық бақтың директоры:

– Ағаштың бұтағы 60-шы жылдары Ресейдің Санкт-Петербор қаласынан жеткізілді. Оны бақтың алғашқы директоры Равиль Рязапов әкелген болатын. Бастапқыда біз оны бақтың бірінші оранжереясында өсірдік. Бірақ, жылу мен жарық дұрыс жетпеген соң ба, нәтиже болмады. Яғни, гүлдеп, жеміс бермеді. Бірнеше жыл бұрын ғана осында ауыстырдық.

Биыл ботаникалық саябақта мандариннан бөлек, папайя да өсіп шыққан. Оны 2 жыл бұрын Доминикан еліне барып қайтқан жерлестеріміздің бірі әкеліпті. Биіктігі тамырымен қоса есептегенде 8 метр болады. Жасыл желек әр 8 ай сайын жеміс береді екен. Оранжереяда бағасы бойынша ең құнды саналатын қылшық бұтақты мурайяны да кездестіруге болады. Аспан асты елінде оны «Император ағашы» деп атайтын көрінеді. Бұрын ол жердің әміршілері өз ұрпақтарын қалай қорғаса, ағашты да дәл солай сақтапты. Себебі, онда өсетін өсімдіктің адамды жасартатын қасиеті бар екен. Жалпы, ботаникалық бақтың ішінде өсімдіктің 2 мыңға тарта түрі бар.

 

 

 

Маржан Касымбек