Спорт

“Қуаныш” ВК ел чемпионатының 3-ші кезеңінде 3-ші орынға тұрақтады

“Қуаныш” ВК Павлодарда өткен ел біріншілігінің 3-ші кезеңінде үздік үштікке ілінді. 8 команда бақ сынаған додада жерлестеріміз жақсы ойын өрнегін көрсетті. 4 турдан тұратын чемпионаттың келесі кезеңі Петропавлда өтпек.

Светлана Парукова – “Қуаныш” волейбол клубының ойыншысы. Бұл оның жергілікті құрама сапында ойнап жатқан алғашқы маусымы. Соған қарамастан ел чемпионатының 3-ші кезеңінде Светлана құраманың үздік ойыншысы атанып үлгерді. Осыған дейін сан мәрте команда ауыстырған спортшы бұл ұжымға ауысқанына қуанбаса, өкінбейді.

Светлана Парукова – “Қуаныш” ВК ойыншысы:

– Волейболда жүргеніме – 15 жыл. Өзім Беларусь елінен келдім. Қазақстандық клубтарда ойнап жүргеніме 4 жыл болды. “Қуаныш”-қа дейін 3 жыл павлодарлық “Ертіс-Казхром”-да ойнадым. Мында келгеніме аз уақыт өтсе де командамен бірге жақсы нәтиже көрсетудеміз.

“Қуаныш” волейбол клубы жақында ел чемпионатынан оралды. Әзірге, жерлестеріміздің аяқ алыстары жаман емес. Турнир кестесінің алдыңғы қатарына жайғасқан спортшылар тек “Алтай” мен алматылық “Жетісу”-ға есе жіберген.

Азамат Есімов – “Қуаныш ВК” бас бапкері:

–  Кездесулер Павлодар қаласында өтті. Негізгі ойындарды біз “Алтай”, “Жетісу”, “Алматы” құрамаларымен өткіздік. Өкінішке қарай, “Алтай” мен “Жетісу”-ға есе жіберіп алдық. Ал алматылықтарды айқын басымдықпен ұттық. Енді келесі кезеңде қарсыластарымызды өзіміздің алаңда, яғни Петропавлда күтеміз.

3-кезең қорытындысы бойынша петропавлдықтар 41 ұпай жинаған. Келесі, яғни 4-ші кезең Петропавлда 10-шы және 19-шы ақпан аралығында өткізілмек. “Қуаныш” волейболшылары 3 кезеңде кеткен есені осы шешуші турда қайтаруға үмітті.

 

 

 

Алдияр Айтпаев