ТКШ

Тұрғын үйді басқарудың жаңа жүйесі

Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот. Бұл – көппәтерлі үйді басқарудың жаңа принципі. Енді пәтер иелері кооперативі деген түсінік жойылып, мүлік иелерінің бірлестіктері құрылады. Оның негізінде тұрғындар өздері  барлық жөндеу жұмыстарына жауапты болып, жұмсалатын шығыстарды қадағалай алады.

2019 жылддың соңында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Аталған заң өткен жылдың 7 қаңтарынан бастап күшіне енді. Құжатта ТКШ-ны басқарудың жаңа тетіктері қарастырылған. Ондағы басты қағида: бір үй – бір бірлестік – бір есепшот. Яғни, әр көппәтерлі үйдің тұрғындары өз еріктерімен бірлестік немесе қарапайым серіктестік құру туралы шешім қабылдай алады.

Еркебұлан Даулыбаев – Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:

– Заңды іске асыру мақсатында 2 қаулы және 17 нормативтік акт қабылданды. Мүлік иелерінің бірлестіктерін немесе жай серіктестік институтын енгізу жөнінде реформаны іске асыруды қамтамасыз ету мемлекет басшысының 2020 жылғы 1-ші қыркүйегінде “Жаңа жағдайдағы Қазақстан іс-қимыл кезеңі атты” Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында ҚР-ның Әділет министрлігі деректеріне сәйкес 1200-ден астам жаңа басқару нысаны құрылды. Тұрғын үй қатынастары саласындағы қарқынды өзгерістерге көппәтерлі тұрғын үй азаматтарының шағымдары түрткі болды.

Бұл өзгертулердің басты мақсаты – тұрғын үйлерді күтіп-ұстау. Сол себепті, мұндай жауапты іс мүлік иелерінің бірлестігіне, яғни тұрғындарға жүктеледі. Яғни күрделі жөндеуге қажет қаражатты өздері жинап, ақшаның мақсатты жұмсалуын да өздері қадағалайды.

Марғұлан Әбдікәрімов – «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департамент басшысы:

– Бұдан былай көп пәтерлі үй кондоминиум нысаны ретінде тіркелуі тиіс. Сондай-ақ, заңда кондоминиум нысанының ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізудің жаңа механизмі айқындалып, ол үшін жеңілдетілген қарыз алу мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша бюджеттен бөлінген ақшаға үйлер жөнделеді. Бірақ, 8 жылдың ішінде тұрғындар күрделі жөндеуге жұмсалған қаржыны жинап, әкімдікке қайтарулары тиіс.

Бүгінде Петропавлда мыңнан астам көпқабатты үй бар. Өткен жылдың соңында олардың 7-уі басқарудың жаңа түріне көшкен екен. Әзірге, жаңашылдықтың оң тұстарын айту қиын. Ал қалған көппәтерлі баспаналар пәтер иелері кооперативінен бас тартып, жаңа жүйеге ауысуға асықпай отыр. Мәселен, С.Мұқанов көшесі, 91 мекен-жайында орналасқан мына 5 қабатты үйдің тұрғындары жаңашылдыққа дайын емеспіз дейді. Онымен қоса, ПИК төрайымның сөзінше ескі жүйе жаңасына қарағанда әлдеқайда тиімді.

Лариса Винокурова – “Мұқанов-91” ПИК төрайымы:

– Бұл жерде 350-ге жуық адам тұрады. Бізде өзіміздің аула сыпырушымыз, подъезд жинаушымыз және сантехнигіміз бар. Олардың жұмысын мен қадағалап жүремін. Жыл соңында тұрғындармен жиын өткізіп, жаңа жүйені талқыладық. Ешкім мүлік иелерінің бірлестігіне ауысқысы келмейді. Себебі, егер жаңа жүйеге ауыссақ, атқарылған жұмыстарды жауапты адам болмайды. Бірақ, заңға сәйкес барлығы мүлік иелерінің бірлестігін құрулары қажет. Алайда, біз оған дайын емеспіз.

Айта кетейік, пәтер иелері кооперативі 2022 жылдың 1-ші шілдесіне дейін ғана жұмыс істейді. Осы аралықта барлық көппәтерлі үйлер жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестігіне өтулері тиіс.

 

 

 

 

Ешкенова Дана