МТРА жаңалықтарыБилік

СҚО-да барлық деңгейдегі әкімдер 570 есеп беру жиынын өткізеді

Биыл облыстағы барлық деңгейдегі әкімдер 570 есеп беру жиынын өткізеді. Оның жартысына жуығы – дәстүрлі, ал қалғаны онлайн форматта ұйымдастырылмақ. Бүгін 12 айда атқарылған жұмысты Тайынша ауданының әкімі Руслан Аңбаев та баян етті.

Өткен 12 айда қандай шаруа атқарылды? Ең алдымен сұрақтың жауабын Летовочный ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Дмитрий Руденко берді. Айтуынша, былтыр Летовочное, Горькое, Краснокаменка, Талап, Подлесное, Мәдениет елді мекендерінде біраз іс тындырылған. 3 ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, қоқыстан толық тазартылыпты. Сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары пайда болып, 350-ден астам тұрғын екі қолға бір күрекпен қамтылған екен.

Дмитрий Руденко – Летовочный ауылдық округінің әкімі, Тайынша ауданы:

– Ауылдарда мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Былтыр мал мен құс саны біразға көбейді. 6 елді мекенде аграрлық салаға негізделген 20-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Одан бөлек, тұрғындарды әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылып жатыр. Былтыр атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы бойынша 2 отбасы жәрдемақы алды. Қос жанұяға 812 мың теңге берілді.

Кезек аудан әкімінің креслосына өткен жылдың қазанында отырған Руслан Аңбаевқа келді. Былтыр Тайыншаға қомақты инвестиция құйылыпты. Жалпы сома 26,6 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражаттың бір бөлігі агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жұмысалған екен. Яғни, жаңадан техника мен құрал-жабдықтар сатып алынып, кәсіпорындарға қолдау көрсетілген.

Руслан Аңбаев – Тайынша ауданының әкімі:

– Бюджет есебінен аудан экономикасын дамытуға 2,4 млрд теңге инвестиция құйылды. Оның 1,2 млрд-ды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жұмсалды. Яғни, “Bio Operations” зауытында құбыр жөндеуге – 835 млн, “Тайынша Май” кәсіпорнына электр энергиясын өткізуге 362,6 млн теңге бағытталды.

Тайыншада атқарылған шаруа бұл ғана емес. Өткен жылы мемлекет қолдауымен біраз тұрғын өз кәсібін ашқан екен. “Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 12 жоба жүзеге асырылыпты. Жас кәсіп иелеріне 205 млн теңге қаржы бөлінген.

Руслан Аңбаев – Тайынша ауданының әкімі:

– Сондай-ақ, “Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 9,3 млрд теңгені құрайтын 14 жоба сәтті жүзеге асырылды. Осылайша, өнеркәсіптік өнімдерді өндіру көлемі 11 пайызға өсті. Нақтырақ айтсақ, құны 28 млрд теңге болатын тауар әзірленді. Өңдеу саласының өнім көлемі 23 млрд теңгені құрап отыр.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында да біраз шаруа атқарылған. 2 млрд 420 млн теңгеге 24 жоба жүзеге асырылыпты.

Руслан Аңбаев – Тайынша ауданының әкімі:

– Аудан орталығындағы қазандық, футбол және спорт алаңдары, субұрқаққа ағымдағы жөндеу жүргізілді. 10 км жол жөнделді, жарық өткізілді. Мәдениет үйі мен көпбейінді аурухана қалыпқа келтірілді.

Сондай-ақ, аудан орталығындағы әлеуметтік қызмет көрсетілетін қос орталық та жөндеу көрген. 12 айдың ішінде Тайынша ауданында осынша өзгеріс орын алған. Бір жыл бойы атқарған жұмысына есеп беріп болған Руслан Аңбаев ағайынның сұрақтарына жауап берді. Горькое селосының тұрғыны ауыл көшелерінде жарық жоқ, интернет әлсіз, автобус жүрмейді деді.

Руслан Аңбаев – Тайынша ауданының әкімі:

– Карантинге байланысты қазір аудан орталығы мен ауылдарды байланыстыратын қоғамдық көліктердің қозғалысына тыйым салынған. Селодағы интернет мәселесі жайлы оператормен байланысып, шешетін боламыз. Егер болмаса, «Қазақтелеком» мамандарына айтып, осыны қолға алуын сұраймыз. Жарықтандыруға қатысты жұмыстар да жүргізілмек.

Ал Чкалово тұрғындарын мынадай мәселе толғандырады.

– Чкалово селосындағы жолдарды қардан тазалау жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Сондай-ақ, көшелерде жарық жоқ. Салдарынан оқушылардың мектепке жетуі қиын. Үнемі алаңдап отырамыз. Ең болмағанда жарық өткізілсе екен.

Чкалово көшесі де жарықтандырылады деп аудан әкімі уәде берді. Бірақ, ол үшін уақыт қажет дейді. Ал қар тазалауға қатысты мәселе жөнінде Руслан Аңбаев өзі хабарласып, шешпекші. Жиын аяқталған соң, аудан орталығын аралап, тұрғындармен тілдесіп көрдік. Басым бөлігі әкімдерінің еңбегіне алғысын білдіруде.

– Өткен жылы жазда жол жөнделді. Содан бері аудан орталығында қозғалу жеңілдеді. Қар жиі тазаланады. Тұрғындардың хал-жағдайын сұрап тұрады.

– Су бар. Бәрін істейді. Отын, көмір бар. Жолды тазалайды.

Биыл Вишневка ауылы тұрғындарының талай жылдық арманы орындалмақ. Алдағы уақытта елді мекендегі мектеп қалыпқа келтіріледі. Оған қоса, Тайыншадағы №1 білім ошағы да жөнделетін болады.

 

 

Маржан Касымбек