МТРА жаңалықтары

“Антикор” орталығының өкілдері ӘМСҚ филиалына мониторинг жүргізді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жергілікті департаментінің мамандары әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына мониторинг жүргізді.

Сыртқы талдаудың нәтижесінде ұйым басшылығының өз қызметкерлеріне ақшалай сыйақыны жиі беретіндігі байқалған. Белгілі болғандай филиал өкілдері тоқсан сайын, әр мерекеде және жыл қорытындысы кезінде де басшылықтан қосымша қолдауақы алады екен. Онымен қоса үстемеақыдан да құр қалмайтын көрінеді. Тіпті, берілетін қаржы көлемін де басшылық өзі белгілейді екен. Яғни, мұнда жұмысшылардың еңбекақы алулары заңмен реттелмеген. Бұл, әрине, бюджет қаржысының дұрыс игерілмеуіне әкеліп соғады. Одан бөлек, бармақ басты, көз қыстылық фактілерінің орын алуы да әбден мүмкін дейді “Антикор” мамандары. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының басшылығы жалақы реттеу қызметі коммерциялық құпия болғандықтан, ештеңе өзгерте алмаймыз дейді. Осыған байланысты “Антикор” атынан ішкі нормативтік құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу қажеттігі жайлы ұсыныс жасалып отыр.

 

 

Бердимурат Баймухан