Құқық қорғау органдары

Петропавлда интернет-алаяқтықтың тағы бір фактісі тіркелді

Петропавлда интернет-алаяқтықтың тағы бір фактісі тіркелді. Бұл жолы 58 жастағы нәзікжанды сан соғып қалды. Оған бәз біреулер 200 мың теңгенің несиесін рәсімдетіп, ізін суытқан.

Белгісіз біреу қала тұрғынына дәл осылай қоңырау шалып, өзін банк қызметкерімін деп таныстырады. Бір қызығы, телефонның арғы жағындағы кісі жәбірленушінің барлық жеке мәліметтерін білген. Әңгіме барысында “сіздің атыңыздан біреу несие рәсімдей бастаған, сіз сол үрдісті соңына дейін жеткізіңіз, кейін біз ақшаны банкке қайтарып аламыз” депті. Бұған нәзікжанды иланып, айтқанын бұлжытпай орындайды. Алайда, көп ұзамай алаяқтардың арбауына
түскенін ұғынады.

жәбірленуші:

– Мен бұндай жайтқа ешқашан тап болмағанмын. Олар маған 4 сағат бойы хабарласып, мазамды алды. Мен олардың сөздеріне сеніп қалдым. Осылайша рәсімдеген 200 мың теңгеден қағылып қалдым.

Қазіргі уақытта бұл факті бойынша криминалдық полиция қызметкерлері қулардың тұрғылықты мекен-жайын анықтауда. Айта кетейік, жыл басынан бері мұндай оқиғаға 20 петропавлдық тап болған. Онлайн-алаяқтықтың 7 фактісі банк аударымдарымен байланысты.

Жеңісгүл Бейсенбина – Петропавл қаласы ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Қазіргі уақытта Петропавлда интернет-алаяқтық фактілері жиілеп кетті. Бұндай жағдайларға көбіне егде жастағы адамдар түсіп жатады. Егер алаяқтар өздерін банк қызметкерлері деп таныстырса, әңгімені тоқтатып, Call-орталыққа қоңырау шалу қажет. Ал алаяқтардың құрбанына айналған жағдайда шұғыл полицияға хабарласу керек.

Сондай-ақ, құқық қорғаушылар интернет-банкингтегі және әлеуметтік желілердегі жеке парақшалардың логині мен құпиясөздерін ешкімге жібермеу қажеттігін ескертеді.

Алдияр Айтпаев