Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауында жер мәселесі талқыланды

Биыл Ғ.Мүсірепов пен Айыртау аудандарындағы кейбір тұрғындар пайсыз қалулары мүмкін. Себебі, аталған елді мекендердегі қос серіктестіктің шаруасы шатқаяқтап тұр. Аталған мәселе бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың онлайн қоғамдық қабылдауында талқыланды.

Осыдан 3 жыл бұрын Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Чистополье-2» ЖШС пай иелерінің келісімінсіз 25 мың гектар жерді банкке кепілдікке қойған. Енді 60-қа жуық азамат өздеріне тиесілі жерлерін қайта ала алмай отыр.

ҚАНАТ ЕРЕЖЕПОВ – ЧИСТОПОЛЬЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, Ғ.МҮСІРЕПОВ АУДАНЫ:

– Жерімізді қайтару үшін түрлі амал жасадық, бармаған жеріміз қалмады. Бұл іске «Алиби» және «Казагро» сынды компаниялар араласқан. Олар өзара ауыз жаласқан. Прокуроға арыздандық, ол істі Бас прокуратураға жіберді. Сізден қылмыстық іс қозғауыңызды өтінеміз. Бұлар бізге тиесілі алқаптарды банкке кепілдікке қойып 15 млн доллар көлемінде ақша алған.

Азаматтарға жерлерін қайтарып алып беру оңай шаруа емес. Бұл өз кезегінде бірнеше айға созылып кетуі мүмкін. Қанат Ережеповтың айтуынша пай иелері егін егуге қорқып отыр. Өйткені, жерді банк кез келген уақытта алып қоюы ғажап емес.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

– Облыста бұған дейін де бірнеше рет жерді заңсыз кепілдікке салу жағдайы тіркелген болатын. Бірақ, пай иелеріне жерлері қайтарылған болатын. Сондықтан, сізге айтарым, жауапкершіліктен ешкім қашып құтыла алмайды. Ақша алды дедіңіз, тергеу органдары тиісті шара қолданады.

Енді жерінен айырылған азаматтардың күтуден басқа шаралары жоқ. Осыған ұқсас оқиға Айыртау ауданында тіркелді. Онда жергілікті «Жарқын-СК» серіктестегі жұмысшыларына жалақыларын төлей алмай белшесінен қарызға батқан. Бүгінде шаруа қожалығының қарызы 3 млрд теңгеден асып кеткен. 42 мың гектар жердің 18 мыңы ауыл азаматтарына тиесілі. Қордаланған проблемаға байланысты олар серіктестік құрамынан шығамыз деп отыр.

БАҚЫТЖАН ДҮЙСЕНОВ – СВЕТЛОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, АЙЫРТАУ АУДАНЫ:

– Бізді толғандырып отырған мәселе – көктемгі егіс науқаны. Аудан әкімінің сөзінше жерлерімізге иелік етіп отырған инвестор биыл егін екпейді екен. Қаражаттары жоқ көрінеді. Сізден өтінеріміз, сот өкілдері келіп біздің жерімізді тартып алмаса екен. Жер жыртып, дән сепкісі келетіндер бар. Бірақ, алаңдаулымыз.

Аудан атқамінерлері бұл жағдайдан құлағдар. Олар былтыр «Жарқын-СК» серіктестігінің басшыларымен сөйлескен. Кәсіпкерлер мәселені шешуге уәде етіпті. Бірақ, одан бері ештеңе өзгермеген көрінеді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 – Жағдайды бағамдап, қалай болмасын алқаптарға егін егу қажет. Бір шара ойлап табу қажет. Мүмкін жаңа инвестор тарту керек шығар. Бұл бұйымтайды Тасмағамбетовке тапсырамын. Бір аптаның ішінде тиісті басқармалармен сөйлесіп, мәселені шешіңіз.

Кейбір құжаттарға сәйкес серіктестік 2017 жылы жаңа техника сатып алған. Бірақ, пай иелерінің сөзінше шаруа қожалығының техника паркі соңғы рет 2014 жылы жаңарыпты. Сұрақ көп, жауап жоқ. Бұл түйткілді шешу енді прокуратура мен құқық қорғау органдарының еншісінде.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан