МТРА жаңалықтарыХалық тарих толқынында

Бүгін Ленинград блокадасының бұзылғанына – 78 жыл

Бүгін Ленинград блокадасының бұзылғанына 78 жыл толды. Облысымызда 5 блокадашы тұрады. Соның бірі – петропавлдық Вера Яковлева. Ол анасы және төрт бауырымен бірге 872 күнге созылған азапты кезеңді басынан өткерген.

Бұл – әкенің өзін үйінде асыға күтіп отырған балаларына жолдаған соңғы хаты. Хат сонау 41–ші жылы жазылыпты. Сол кезде Вера Яковлева 7 жаста болған екен. Тура 80 жыл бұрын қағаз бетіне түсірілген сөздерді бүгінге дейін жадынан шығармапты. Себебі, дәл сол сәттен бастап кішкентай қыздың өмірі түбегейлі өзгереді. Көп ұзамай Ленинградты фашистер қоршауға алып, қаланы судан, жарықтан айырады, тіпті, жасырын қойманы тауып алып, жарып жіберген. Қатыгез жауынгерлер көзге түскен жануарларды да жинап, тірідей өртегендігін айтады жерлесіміз.

Вера Яковлева – блокадашы:

– Жаудың жағадан алып жатқанына қарамастан анам күндіз-түні жұмыс істеуді жалғастыра берді. Зауытқа барар кезде газқағар киіп алатын. Себебі, кез келген уақытта немістер улы газ жіберіп, адамдарды өлтіруі мүмкін еді. Ал мен 4 бауырыммен бірге үйден шықпай отырдым. Кешке шешеміз келген кезде әрқайсысымызға бір үзім нан беретін. Қарын тойдыруға жетпесе де барына шүкіршілік етуші едік.

7 жастағы қыз күндіз күлкіден, түнде тәтті ұйқыдан айырылады. Нан мен су сұрап, көшенің қақ ортасында әлсіреп жатқан, көз жұмған туған-туыстарын, көршілерін, құрбы-достарын өз көзімен көріпті. Вера Яковлева соғыс қалдырған жара әлі жазылмағандығын айтады. Бала күнгі қорқынышты естеліктер ойға келсе, қарияның жүзіне мұң ұялайды.

Вера Яковлева – блокадашы:

– 27 наурыз күні мені Леля есімді құрбым іздеп келді. Көздері жасқа толған, аяқтарымен тік тұрғанымен басына ие болар емес. Мен бір жағдай болып жатқанын сезгендей құрбымды бірден құшақтап алдым. Ол «нанның қоқымын болса да берші» деп жалынды. Үйде ештеңе болмағандықтан, “анам 1 сағаттан соң келеді, аздап шыдай тұршы” деп жауап бердім. Бірақ, шешем оралғанша құрбым аяғымда жатып көз жұмды.

43-ші жылы блокада құрсауы бұзылып, Вера Яковлева отбасымен бірге Қазақстанға Қызылжар өңіріне көшіріледі. Сол кезде жерлесіміз әкесінің фашистер оғынан қаза тапқанын естіген екен. Ал бір жыл өткен соң Ленинград жаудан толық босатылады.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Өңірімізде құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы Ленинграды азат етуде зор еңбек сіңірді. Ленинградта 2,5 миллионнан астам халық болды. Блокада аяқталған соң 557 мыңға жуық адам тірі қалды.

Қазір Вера Яковлев жалғыз ұлымен бірге тұрады. Өкінішке қарай, 7 жыл бұрын көз ауруы асқынып, жанарынан айырылған екен. Өңірде жерлесіміз сынды Ленинград қоршауынан аман шыққан тағы 4 адам тұрады. Ленинград блокадасының бұзылғанына бүгін 78 жыл толып отыр.

 

 

Маржан Касымбек