МТРА жаңалықтары

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кімдер пайдалана алады

20 млрд 100 млн теңге. 12 мыңға жуық солтүстікқазақстандықтың зейнетақы жинағы  осындай соманы құрап отыр. Қор мамандарының айтуынша бұл азаматтар  есепшоттарындағы қаражаттың тең жартысын  мерзімнен бұрын шешіп ала алады.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев – ҚР Президенті:

– 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажет­ті нормативтік-құқықтық актілерді қабыл­дап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.

Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке берген тапсырмасы. Ал үстіміздегі жылдың 2-ші қаңтарында мемлекет басшысы отандастарымызға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Енді қордағы қаржысының тең жартысын мына азаматтар шешіп ала алады.

Ғалия Мұқанова – “БЖЗҚ” АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Бірретті зейнетақы жарналарын: міндетті зейнетақы және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Нысаналы пайдалану құқығы белгілі бір жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар азаматтар. Жеткіліктілік шегі әр жас үшін жеке анықталады. Бұрын зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, сақтандыру қорына аударған соң да зейнетақы жинағында салымы қалған қазақстандықтар қаражатын толық алуға құқылы.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін азаматтар ең алдымен өз жинақтарын тексеріп алуы қажет. Яғни, жеке зейнетақы шотында жеткіліктілік шегінен асатын соманың бар екеніне көз жеткізулері тиіс.

Ғалия Мұқанова – “БЖЗҚ” АҚ СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Ол үшін салымшыға электрондық цифрлық қолдаңба немесе БЖЗҚ дерекқорында тіркелген ЖСН мен пароль қажет болатын ЕНПФ сайтындағы жеке кабинет немесе ұялы қосымша арқылы білуге болады. БЖЗҚ қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді көшірме алудың қолжетімді және жедел тәсілдерін ұсынады.

Сонымен, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қандай мақсатта жұмсауға болады?

– Ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеу;

– Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу;

– Отбасы банкте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу;

– Ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізу;

– Сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу;

– Жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда);

– Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру;

– Емделу ақысын өтеуге.

Алдағы уақытта азаматтар жылдап жинаған ақшаларының бір бөлігін осы мақсаттарда іске жарата алады. Бірақ, зейнетке шықпай тұрып зейнетақы жинағындағы ақшаны алған дұрыс па? Бұл ретте петропавлдықтармен сұхбаттасып, пікірлерін білдік.

– Әрине, мұндай жаңашылдық жастарға жақсы ғой. Баспана алуға деген сияқты.

– Банктен несие алғанша, зейнетақының бір бөлігін алған тиімдірек. Үкімет дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын.


– Өз басым алдағы уақытта зейнетақы жинағымның бір бөлігін пайдаланбақшымын. Интернетте жазылған мәліметке сүйенсем, мен зейнетақымның тең жартысын мерзімінен бұрын ала аламын.

Зейнетақы қорының жергілікті мамандары берген мәліметке сүйенсек, бүгінде 12 мыңға жуық солтүстікқазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану құқығына ие. Олардың шоттарында 20,1 млрд теңгеден астам қаражат бар екен.

Ешкенова Дана