МТРА жаңалықтары

СҚО Үкімет басшысының оң бағасына ие болды

Бүгін елорда төрінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында еліміздің Премьер-министрі өңіріміздің даму динамикасына оң бағасын берді.

Асқар Маминнің сөзінше, “Бизнестің жол картасы”, “Еңбек” және “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламаларының иігіліктерін ел бойынша 14,7 мың кәсіпкер пайдаланған. Мемлекет қолдауына жүгінгендерден түсетін салық көлемі артқан. Мәселен, былтырғы көрсеткіш 2018 жылдағыдан 42%-ға көп екен. Айта кетерлігі, іскер жандардың басым бөлігі – аққайыңдар өлкесінің, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарының тұрғындары. Жеке инвестициялар бойынша 9 аймақ жоспарды орындаған. Үздіктердің қатарында Солтүстік Қазақстан облысы да бар. Өңіріміз өңдеу өнеркәсібінде де толағай табысқа қол жеткізді. Баяндамасында Үкімет басшысы өлкемізде тұрғын үйді қолданысқа тапсыру қарқыны да аса жоғары екенін тілге тиек етті.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-министрі:


– Келтірілген деректер жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жұмыстарының тиімділігін көрсетеді. Өңірлерде экономиканы дамыту, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және халықтың табысын қолдау бойынша мынадай қарқын байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 10 облыс оң өсімге қол жеткізді. Бұл – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл және Қостанай облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары.

Култанов Байболат