ТЖ

Петропавлда 3 қабатты үйден өрт шықты

Петропавлда сейсенбіге қараған түнде 3 қабатты үйден өрт шықты. Оқиға Ружейников көшесінің бойында орналасқан баспаналардың бірінде болды. Құтқарушылар нысан ішінен 16 адамды қауіпсіз жерге шығарған. Олардың 4-уі – бала.

 

Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Орал Әбдірахмановтың айтуынша 1 айға жуық уақыттың көлемінде облыста 60 өрт оқиғасы болған. Өкінішке қарай 7 адам қаза тапқан. Қызыл жалынның бас көтеруіне көп жағдайда отқа деген немқұрайлық себеп болған көрінеді.

Орал Әбдірахманов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


–  Жылыту пештерін қолдану кезінде және үйде электр монтаждау кезінде қауіпсіздік ережелері бұзылады. Өрттен қайтқан азаматтар жайлы айтатын болсақ, олардың көбісі – алкогольді ішімдікті пайдаланатын кісілер.

Апат айтып келмейді дейміз, бірақ соңғы уақытта орын алып жатқан оқыс оқиғалардың көбісі мамандар айтқандай тұрғындардың салғырттығынан орын алып жатыр. Сондай жағдайлардың бірі қаңтардың 19-ы күні Тайынша ауданында орын алды. Многоцветное селосында жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылды. Салдарынан 1 адам қаза тапты. Көрші үйдегі адамдардың айтуынша сол күні өртке оранған баспананың иесі мас болған екен.

Тағы бір жағдай бүгін ғана сағат түнгі 1 кезінде Петропавл қаласында орын алды. Ружейников көшесінің бойында орналасқан 3 қабатты баспанадан өрт шықты. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше үйдің кіреберіс есігі жанған. Бұл адамдардың сыртқа шығуына кедергі келтірген.

Орал Әбдірахманов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер баспанадан 16 адамды эвакуациялайды. Олардың 4-уі – бала. Оқиғадан қатты зардап шеккендер жоқ.

Өңірде жыл басынан тіркелген 60 өрттің салдарынан 37 млн теңгенің материалдық шығыны келген.

Бердимурат Баймухан