Білім

Kozybayev University қос ұстазы үздік оқытушы атанды

«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2020». Қозыбаев университетінің екі ұстазы / 2 ай бойы өткен республикалық онлайн байқаудың жеңімпазы атанды. Білім мен тәжірибе сайысына / еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам оқытушы қатысқан екен.

Татьяна Ратушная жергілікті жоғары оқу орнында 20 жылға жуық уақыт еңбек етеді. Студенттерге “Метрология”, “Стандарттау және сертификаттау”, “Сапа менеджменті” бағыттары бойынша білім береді. Өткен жылдың қараша айында тәжірибелі ұстаз «ЖОО-ның үздік оқытушысы-2020» республикалық байқауына қатысуға бел буған. Оның жұмыстарын сарапшылар жоғары бағалапты.

Татьяна Ратушная – Kozybayev University инженерия және сандық технологиялар факультеті деканының міндетін атқарушы:


–  Пандемияға байланысты биыл біз өтініштерді де, жасаған жұмыстарымызды да онлайн форматта тапсырдық. Бізді 2 бағыт бойынша бағалады. Біріншісінде өзіміздің әзірлеген оқулықтарымызды, студенттермен жүргізген жұмыстарымызды, жастардың олимпиадаға деген дайындықтарын ортаға салдық. Ал екіншісінде осы кезге дейін жасаған зерттеулерімізді жібердік. Нәтижесінде мен үздік оқытушы атандым.

Татьяна Ратушнаядан бөлек, республикалық байқауға тағы 8 солтүстікқазақстандық жолдама алған болатын. Олардың барлығы – қараша айында жоғары оқу орнында өзара іріктелген педагогтар. Бірақ, кіл мықтылардың арасында 2 маманның ғана айы оңынан туды. Екінші ұстаз – агротехника факултетінің доценті Тоқтар Мұрат.

Тоқтар Мұрат – Kozybayev University агротехника факультетінің доценті:

 

– Бұл байқаудың жеңімпазы атанғаныма қуаныштымын. Бұл біздерге шығармашылық шабыт беріп, үздік оқу орындарымен тәжірибе алмасып, білімімізді арттыруға көмектеседі.

Жерлестеріміз мемлекеттен грант ұтып алды. Енді бұл грантпен өздерін шығармашылық тұрғыда дамытулары қажет. Айта кеткен жөн, байқауға еліміздің 73 жоғары оқу орнынан 600-ге жуық адам қатысқан. Солардың тек 150-і ғана үздік оқытушы атанған.

Алдияр Айтпаев