Білім

Kozybayev University-де көктемгі оқу семестрі басталды

Kozybayev университетінде көктемгі оқу семестрі басталды. Білім берудің жарты жылдық кезеңінде 1-ші курс студенттері аралас форматта оқуда. Яғни, лекция – қашықтықтан, ал тәжірибелік жұмыстар университет қабырғасында өтеді.

 

Мына кабинетте орман ресурстары және орман шаруашылығы бойынша білім алатын қыз-жігіттер отыр. Былтырғы қыркүйекте 1-ші курс студенті атанған жастар университет қабырғасындағы алғашқы сабақтарына қатысуда. Топтастары мен оқытушысының жарқын жүзін телефоннан немесе компьютерден емес, бетпе-бет көріп тұрған 24 жастың қуанышында шек жоқ.

Махаббат Дәурен – Kozybayev University студенті:

– Бастапқыда өте қиын болды. Бір-біріңді танымайсың. Бірінші курс студенті болғандықтан болар. Шамамен жарты жыл солай жүрдік. Универге барасың дегенде қатты қуандық. 00:40 Сақтық шараларын ескертті. Ережелерді түсіндірді.

Білім ордасының табалдырығын енді аттаған жастарға бәрі қызық екені анық. Бірақ, санитарлық талаптар қатаң сақталуы шарт. Студенттердің, тіпті, бір партада отыруына рұқсат етілмеген. Сабақ 50 минутқа созылады. Қоңырау уақыты 20 минутқа дейін ұзартылған. Бұл кезде бөлме залалсыздандырылады. Тиісті ережелер жайлы Махаббат енді хабардар болып жатыр, ал Мәдина Нұрпейісоваға қағидалар былтырдан бері таныс.

Мәдина Нұрпейісова – Kozybayev University жоғарғы медициналық мектебінің студенті:

– Қашықтықтан өткен әр сабаққа белсене қатысып, оқытушылар айтқан сөздерді тез ұғып алуға тырыстым. Бірақ, тапсырмаларды тәжірибе жүзінде орындаған тиімдірек, әрине. Біз болашақта адамның денсаулығы мен өміріне жауап беретін боламыз. Сондықтан, әр тақырыпты тереңірек зерттеу маңызды.

Қозыбаев университетінің 1-ші курс студенттерінің жалпы саны 2 мыңнан асады. Оның 90-ы «Серпін» бағдарламасы бойынша оқуға түскен.

Жанар Таласпаева – Kozybayev University академиялық сауалдар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:


–  7546 студент білім алады. 1-ші курс ұл-қыздары аралас форматқа көшті. 2-ші және 3-ші курстарда 30-дан астам топ аралас форматта білім алуда. Доктаранттардың барлығы дәстүрлі түрде оқуда. 4-ші курс өндірістік тәжірибеден өтуде.

Сондай-ақ, университеттің жасы 65-тен асқан оқытушылары қашықтықтан жұмыс істеуде. Олардың саны 40-қа жуық. Айта кеткен жөн, оқу корпустарындағы асхана жұмыс істемейді.

Маржан Қасымбек