COVID-19: Қазақстан

11 айда 9 жарым мыңнан астам адам вирус жұқтырған

Елімізде коронавирустың пайда болғанына 11 айға жуық уақыт өтті. Індет қыспаққа алған кезде, пневмония аяқтан шалды. Осылайша өңірдің өзінде 9 жарым мыңнан астам адам ауруға шалдықты. Өкінішке қарай, 41 жерлесіміз қауіпті вирусты жеңе алмаған. Ал науқастанып қалған жандардың басым бөлігі құлан-таза айығып шықты.

Қайырбек Байсалбаев бойымдағы коронавирус инфекциясы қаңтардың басында белгі берді дейді. Бірақ, әлсіздікті сезінгенмен, дене қызуы сирек көтеріліпті. Сондықтан, бастапқыда індетті жұқтырып алдым деп күмәнданбаған екен. 8-і күні Сергеевка қаласындағы емханаға тексерілуге барады. Ондағы дәрігерлер екі жақты пневмония диагнозын қояды.

Қайырбек Байсалбаев – Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Оны келіншегіме айтқан жоқпын. Уайымдайды деп ойладым. Дүйсенбі рентгенге түсіп, анализ бердім. Сол күні мені инфекциялық ауруханаға жатқызды. Онда 4 күн болдым. Талдаудың нәтижесі келген соң, бізді қалаға алып келді.

Көп кешікпей жерлесіміздің тәжді вирусты да жұқтырып алғаны анықталады. Абырой болғанда, Қайырбек Байсалбаевтың отбасы мүшелері инфекцияға шалдықпаған екен. ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен. 53 жастағы ағамыз ауруды оңай жеңді. Ал пневмонияға шалдыққан жерлесі Асан Атымтаев біраз қиналған көрінеді. Қорқынышқа айналған індет 39-дағы азаматтың өкпесін 20 пайызға зақымдапты.

Асан Атымтаев – Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Бағыма орай тыныс алуым қиындаған жоқ. Дәрігерлер мені ИВЛ аппаратына қоспады. Бірақ, өкпем жиі бүріп ауыратын. Ақ халатты абзал жандарға рахмет, әр кез жанымнан табылып, дәрі-дәрмек беріп отырды. Кез келген уақытта көмек қолын созуға дайын тұратын. Мамандардың арқасында аз уақыттың ішінде індеттен құлан-таза айықтым.

Асан Атымтаевтың бойынан пневмония табылған күні жұбайының да науқастанып қалғаны белгілі болған. Бірақ, нәзікжанды аурудың симптомсыз түріне шалдыққан екен. Сондықтан, бірнеше күнде-ақ жазылып кеткен. 2 апта бұрын бір күнде жатқызылған қос тұрғын бүгін бірге шығарылып жатыр. 2 апталық сынақ артта қалды.

Асан Атымтаев – Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– У каждого она происходить по разному. Болезнь существует. И на этого надо обращать внимание.

Қайырбек Байсалбаев – Сергеевка қаласының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Маскамен жүріп, өз-өзіңді сақтау керек. Бүкіл достарыма, туысқандарым мен халыққа айтып жүрмін.

Соңғы деректерге сүйенсек, қазір инфекциялық стационарларда жатқан 22 солтүстікқазақстандықтың жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Мұндай емдеу мекемелері 43%-ға толған екен. Айта кету керек, пандемия басталғалы бері 9 жарым мыңға жуық солтүстікқазақстандық ауруды жұқтырған болса, өкінішке қарай, 41 адам қауіпті вирусты жеңе алмаған.

Маржан Қасымбек