Құқық қорғау органдары

Саяжайдағы ұрлық ашылды

Петропавлдағы «Борки» саяжай қауымдастығында ұрлық фактісі тіркелді

Күзетші күнделікті тексеріс жүргізу кезінде учаскелердің бірінде бөтен іздерді байқап қалып, бірден баспана иесіне хабарласқан. Саяжайдағы үйін тексеруге келген қожайын шойын ваннасы мен темір кереуетінің жоғалғанын аңғарып, полицияға арыз жазған. Тәртіп сақшылары бірден
бейнебақылау камераларының көмегіне жүгінген. Видеоға “Mitsubishi Delica” көлігі түсіп қалыпты. Сөйтіп мамандар жазбадағы темір тұлпарды іздеп табады. Тексеріс барысында машинаның иесі бұрын сотты болған 50 жастағы қала тұрғыны екені анықталады. Ал салоннан жоғалған заттар табылады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жалпы, өңірде өткен жылдан бастап бүгінгі күнге дейін саяжай учаскелерінде 6 бірдей бөтеннің мүлкін жымқыру оқиғасы тіркелген.
Баукеспелерді көбіне құрал-саймандар, тұрмыстық заттар мен металдан жасалған дүниелер қызықтырады екен. Сондықтан полиция қызметкерлері жерлестерімізге жазғы үйлерін жиі тексеріп отыруға қеңес берді.

Ешкенова Дана