COVID-19: Қазақстан

Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады

Ақордада елдегі эпидахуал жайы талқыланды. 22-ші қаңтар күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды қабылдады. Кездесу барысында коронавирусқа қарсы атқарылып жатқан шаралар жайлы сөз қозғалды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, індетке шалдыққандардың саны жөнінен Қазақстан 221 мемлекеттің ішінде 109-орында тұр. Вирустан қаза тапқандар бойынша – 94, жазылып шыққандардың саны бойынша 48-орында екенбіз. Тілдесу барысында Денсаулық сақтау министрі стационарлардағы орындардың 33 пайызға толғанын айтты, ал жан сақтау бөлімдерінде бұл көрсеткіш 21 процентке жетіпті. Алексей Цой COVID-19 вирусын жұқтырғандар санының көбеюіне қарамастан, еліміздегі ахуалдың бақылауда тұрғанын және медициналық қызметтің азаматтарға қажетті көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, Министр елімізде адамдардың дерттен қайтыс болу деңгейі былтырғы шілде айымен салыстырғанда 4 есе төмендегенін жеткізді. Айтуынша, бұл алдын ала қабылданған шаралардың, соның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем беру деңгейінің тиімділігін көрсетеді. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Алексей Цойға эпидемиялық ахуалды қатаң бақылауда ұстауды, отандастарымызды уақытылы әрі толық құлақтандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыра отырып, жаппай вакцина егуге дайындықты тиісті дәрежеде қамтамасыз етуді тапсырды.

Бердимурат Баймухан