COVID-19: Қазақстан

Коронавирустан қалай сақтанамыз

Жергілікті ақ халатты абзал жандар тәжді вирусты жұқтырып алмас үшін пайдалы кеңестер беруде. Дәрігерлердің сөзінше, әр адам алдымен өзінің тамақтануына аса назар аударғаны жөн. Сондай-ақ, аурудың алғашқы белгілерін сезсе, бірден мамандардың көмегіне жүгіну қажет. Бұл – індеттің асқыну қаупін төмендетеді.

2019-шы жылдың желтоқсан айында пайда болып, дүйім жұртты дүрліктірген вирустың біздің елге жеткеніне жақында бір жыл болады. Осы уақыт аралығында еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін індеттен сақтанудың жолдарын үйренді. Десе де, қарапайым ережелерді елемейтіндер қоғамда кездесіп жатады. Сондықтан, дәрігерлер жеке бас гигиенасы мен дәрумендерді қабылдаудың маңызын тағы бір мәрте еске салуды жөн көріп отыр.

Руслан Нұркеев – №2 қалалық емхананың алдын-алу әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі:

– Қауіпсіздік шаралары барлығы үшін бірдей. Олар: қолды жиі жуу, медициналық маска тағып, арақашықтық сақтау. Және антисептик таңдағанда мұқият болған жөн. 60 немесе 80 пайыз спирттан тұратынын алу қажет. Мұндай сұйықтық індетті жұқтыру қаупін төмендетуі мүмкін. Сондай-ақ, вирустан сақтану үшін дұрыс тамақтанып, аскорбинді қышқыл, цинк пен Д3 дәруменін қабылдаған жөн.

“Адам өз бойында коронавирус инфекцияның алғашқы белгілерін сезсе, яғни дене қызуы көтеріліп, дәм мен иіс сезбесе бірден дәрігерге жүгіну керек. Бұл індетті асқындырып алудан сақтайды”, -дейді мамандар.

Руслан Нұркеев – №2 қалалық емхананың алдын-алу әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімшесінің меңгерушісі:

– Егер адам үй жағдайында емделіп, дәрігерге көрінбесе, жағдайды ушықтырып алуы әбден мүмкін. Бұл әсіресе, өкпесі қабынған жандарға қатысты. Сондықтан, тұрғындарды бірден дәрігерге хабар беруге шақырамын.

Тәжді вирус елді әбігерге салғанда, әсіресе көктем-жаз мезгілінде бар ауыртпашылық дәрігерлерге түсті. Керекті медициналық құралдар болмады, маман тапшылығы да сезілді. Ал қазір жағдай тұрақталды. Біраз тәжірибе де жиналды.

Жанна Мауытова – Петропавл қалалық көпсалалы аурухананың бас дәрігері:

– Қазір біздің ауруханада 100 орындық стационар бар. Оның толу көрсеткіші бүгінгі таңда 50 пайызды құрайды. Коронавирус енді басталған шақта қиын болғаны баршаға аян. Бірақ, қазір біз барлығына дайынбыз деп сеніммен айта аламын. Дәрі-дәрмек, тиісті аппараттар, мамандар да жеткілікті. Десе де, жерлестерімізді сақтанып жүруге шақырамыз. Адам көп шоғырланатын жерлерге бармаңыздар. Себебі, денсаулыққа жететін байлық жоқ.

Ақ халатты абзал жандардың айтқан ақыл-кеңесін тыңдап, сақтауға әр солтүстікқазақстандық міндетті.

Біз қазір барынша қауіпсіздік шараларын сақтаудамыз. Міндетті түрде медициналық маска тағып, қолымызды антисептикпен өңдейміз.

– Өз басым адамдар спортпен айналысып, дұрыс тамақтанса, ауруға қарсы тұра алады деп ойлаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – індеттен сақтану үшін дұрыс тамақтанып, қарапайым ережелерді ұстану қажет. Осыны естен шығармаңыздар!

Алтынай Қазиқан