МТРА жаңалықтары

Ақпаннан бастап 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды қабылдау аяқталады

Ескі банкноттарды жаңасына ауыстырып үлгеріңіз! Ақпанның 1-ші жұлдызынан бастап Ұлттық Банктің филиалдары 2006 жылғы үлгідегі 2, 5 және 10 мың теңгелік номиналдарды айырбастауды тоқтатады. Яғни, тұрғындар осы жұманың ішінде 15 жыл бұрын айналымға енгізілген қағаз ақшаларын қолданыстағы купюраларға алмастырып алулары тиіс.

Бұл – бәйтерек пен ашық алақан бейнеленген 2, 5 және 10 мың теңгелік банкноталар. Елімізде мұндай үлгідегі қағаз ақшалар 2006 жылы қолданысқа енгізілді. Ал 2016-ның 4-ші қарашасында айналымнан алынып тасталды. Оның орнына ҚР Ұлттық банкінің төртінші сериясының жаңа дизайндағы купюралары шықты. Бірақ, ескі үлгідегі ақша номиналын тұрғындар әлі күнге айырбастай алады. Оған қаржы ұйымына келіп түскен сансыз өтініштер себеп болған екен.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық Банкі” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– 2016 жылдан бері Ұлттық банк ескі үлгідегі банкноталарды қабылдап, жаңасына ауыстыруда. Жалпы, бұл шаруа өткен жылдың қазан айында тоқтатылған болатын. Бірақ, тұрғындардың өтініштері бойынша үрдіс мерзімі 2021-дің ақпан айына дейін ұзартылды. Енді келер айдың 1-нен бастап Ұлттық банк мұндай купюраларды мүлдем қабылдамайды. Сондықтан ескі банкноттарды ауыстырып үлгермегендер біздің филиалға жүгініңіздер.

Ескі банкноттарды ауыстырғысы келетіндер баршылық. Бүгінгі күнге дейін бұл мәселемен 77 солтүстікқазақстандық Ұлттық банктің жергілікті филиалына жүгінген. Айырбасталған ақшаның жалпы соммасы 1 млн 615 мың теңгені құрайды. Ал айналымнан алынып тасталған купюраларды 1-ші ақпанға дейін алмастыруға болатындығын бәрі біледі ме? Мұны қалалықтардан сұрап білдік.

– Жоқ, естімеппін. Үйде ескі ақша болса, Ұлттық банкке келіп ауыстырамын.

– Бұл жаңалықты интернет арқылы білдім. Біле сала банкке келе жатырмын. Қазір ескі банкноталарымды алмастырамын.

– Ескі ақшаларды ауыстыру қажеттігін сіздерден естіп тұрмын. Енді ақпанның 1-не дейін ауыстырып аламын. Бұл жаңалықты таныстарыма да жеткіземін.

2006 жылы шығарылған 2, 5 және 10 мың теңгелік банкноталарды тек Ұлттық банкте айырбастауға болады. Және бұл іс жеке тұлғалар үшін ғана қарастырылған. Айта кеткен жөн, бәйтерек пен ашық алақан бейнеленген ескі 1000 және 500 теңгелік купюралар әлі де айналымда. Оларды айырбастаудың еш қажеті жоқ.

Ешкенова Дана