Көлік және жолдар

Жол сапасы – жіті назарда

Өткен жылы республикалық маңызы бар 22 жолдан 300-ден астам сынама алынған. Оның әрқайсысынан олқылық анықталған. Ал 16 сынама  көрсеткіштердің техникалық-нормативтік талаптарға мүлдем сәйкес келмейтіндігін көрсеткен. Бұл жайлы Жол активтері ұлттық сапа орталығының облыстық филиалының мамандары өткен жылды қорытындылау барысында баяндады.

Бұл – Жол активтері ұлттық сапа орталығындағы қысу құрылғысы. Оның көмегімен асфальттің сапасы тексеріледі.

Данияр Баймолда – «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ зертханашысы:

– Асфальттің сапасын анықтауға шамамен 2 сағат уақыт жұмсалады. Біз ең алдымен қоспаны қысамыз. Кейін оны кептіру үшін 24 сағатқа қалдырамыз. Сосын жауын-шашынға қаншалықты шыдамды екенін анықтап, беріктігін бағамдаймыз.

Зертханада бұдан бөлек, асфальттің беріктігі мен тегістігін анықтайтын қондырғылар жетерлік. Бірақ, қазір олардың бәрі бос тұр. Қыста асфальтті тексеру жұмыстары жүргізілмейді. Бұл – түсінікті жайт. Мамандар қазір техникалық құрылғылардың өздерін тексерістен өткізіп, келесі маусымға әзірлеп жатыр. Ал орталықтың жергілікті филиалының басшылығы өткен жылды қорытындылауда. Былтыр 22 республикалық маңызы бар жол бақылаудан өткен екен.

Жолдыбай Тентеков – Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ директоры:

– 2020 жылы Ресейдің Қорған облысына апаратын жолдағы жаңғырту жұмыстарын бақыладық. Сондай-ақ, 4 учаскеде жүргізілген орташа жөндеу барысын, 16 республикалық маңыздағы жолдың жағдайын байқадық. Жалпы, 315 сынама алынды. Нәтижесінде дәл осынша олқылық анықталды. 16 сынама көрсеткіштердің техникалық-нормативтік талаптарға мүлдем сәйкес келмейтіндігін көрсетті. Оның қорытындысын арнайы ұйымдарға жібердік.

Ұлттық орталық республикалықтан өзге, облыстық, аудандық, қалалық, тіпті, ауылішілік жолдардың да жағдайын жіті назарға алған.

Жолдыбай Тентеков – «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ директоры:

– Өткен жылы облыстық маңызы бар жолдарда 192 рет тексеру жұмыстары ұйымдастырылды. 22 учаскедегі асфальттің сапасын байқап, 228 сынама алдық. Бұл жерлерде де арнайы талаптарды бұзуға қатысты 200-ден астам факті анықталды. Айта кетейік, ұлттық орталық өңірдегі 13 ауданның тек 6-уымен келісімге отырған. Былтыр осы аудандардағы жолдардан 116 сынама алынып, зерттеу нәтижесінде 10 кемшілік анықталды.

Сондай-ақ, қазір мамандар республикалық жолдарды қардан тазалау жұмыстарын да қадағалайды.

Қайырбай Сәдуақасов – «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК СҚОФ инженері:

– Қаңтар айында 10 рет шықтық. Республикалық жолдарда жұмыстар жақсы атқарылып жатыр. Себебі, тазалау шаралары уақытылы жүргізілуде. Жұмыс енді басталды. Ақпан айында бұл объектілерге тағы бір рет барамыз.

Алдағы күндері облыстық маңызы бар жолдардағы шаруа да бақылауға алынбақ. Қазір осыған қатысты келісім шарт жасалып жатқан көрінеді. Айта кеткен жөн, биыл Булаево қаласы мен Тайынша ауданындағы Рощинское селосы аралығындағы 65 шақырым жол жөндеу көрмек. Сондай-ақ, Қызылжар ауданындағы Бармашы өзенінің үстіндегі көпір қалыпқа келтіріледі. Аталған жұмыстар Жол активтері ұлттық сапа орталығы мамандарының жіті бақылауында болады.

 

 

 

Маржан Қасымбек