Аптадағы маңызды жаңалықтарCOVID-19: Қазақстан

Жергілікті дәрігерлер солтүстікқазақстандықтарға үндеу жасады

Солтүстік Қазақстан облысы – осымен 4-ші күн қызыл аймақта. Өңірде коронавирусқа қатысты жағдай күн сайын ушығып барады. Сөзімізге дәлел, бұған дейін шамамен 50 адамнан сырқаттанып жүрсе, кеше  індетке 91 адам шалдыққан. Қазір науқастардың саны 600-ден асып отыр.

Жағдай расымен де мәз емес. Облыстық көпбейінді ауруханада коронавирусты жұқтырғандарға арналған бөлімше бар. Бүгінде ол науқастарға толып тұр. Мұнда қазір 22 солтүстікқазақстандық ақ халаттылардан ем қабылдауда. Бас дәрігер Юрий Белоногтың сөзінше, сырқаттанып қалғандардың 95 пайызының өкпесі қатты зақымданған. Емделушілердің басым бөлігі өздігінен тыныс ала алмағандықтан ИВЛ аппаратына қосылған.

Юрий Белоног – облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері:

– Ауруханада коронавирустан 1 айдан бері емделіп жатқан жандар бар. Науқастардың басым бөлігі – 60 жастан асқандар. Бәрімізге мәлім, егде жастағы тұрғындардың індетті жеңуіне біраз күш пен уақыт керек. Сондықтан, абай болуларыңызды өтінеміз. Аурумен ойнауға болмайды. Ол кез келген уақытта өміріңізді жалмап кетуі мүмкін.

Егде жастағы адамдар ғана емес, вирус бәріміз үшін қауіпті. Әсіресе, басқа да ауруы бар жандар аса мұқият болғандары жөн.

Сәбира Даирова – 3-ші қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

– 60 жастан асқан адамдар, диспансерлік есепте тұрған, гипертензиясы және қант диабеті бар адамдарды үйде отыруға шақырамыз. Вирустың бірінші симптомы пайда болса, емханадан дәрігер шақырыңыздар. Әр емханада мобильді бригада бар. Мамандар көмек қолын созады.

Маска кию, қолды антисептикпен жиі өңдеу, адамдар көп жиналатын орындарға бармау. Осы қарапайым санитарлық ережелерді сақтау арқылы сіз өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін қауіптен құтқарасыз. Мамандар айтқан кеңеске бейжай қарамай, барынша абай болып жүру керек.

Сәбира Даирова – 3 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

– Неге автобустарды тоқтатып жатыр деп ойлайсыз? Себебі, оның ішінде қаншама адам отырады. Біреуі масканы киеді, басқасы жоқ. Осылайша, инфекция тарап кетеді. Ең алдымен температура көтеріліп, демікпе болады. Әлсіздік пайда болған кезде үйде отырыңыздар. Бұлай сіз өзіңізді ғана емес, айналаңыздағы жандардың да өмірін сақтайсыз.

Емханаға барудың қажеті жоқ. Мамандар үйіңізге өздері келеді. Ақ халаттыларды шақыру үшін 39-09-59 немесе 63-04-41 нөміріне хабарласу керек.

 

 

 

 

 Маржан Касымбек