Құқық қорғау органдары

Тайынша ауданында жаға жыртысқандардың ісіне қатысты сот үкімі шықты

Атышулы оқиғаға нүкте қойылды! Бүгін Тайынша ауданындағы “Обуховский ГОК” кәсіпорнының аумағында орын алған жағдайға қатысты сот үкім шығарды. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы аталған мекеме маңында бір топ жігіт жаға жыртысқан болатын. Төбелес кезінде 1 азаматтың пышақ жарақатын алғаны да мәлім.

Шамамен 8 ай бұрын бір топ жігіт «Обуховский ГОК» кәсіпорнының аумағында жаға жыртысты. «Тиолайн» серіктестігі директорының орынбасары кен-байыту орнына өзімен бірге қарағандылық күзет агенттігінің өкілдерін ала келген. Қоршаулы тұрған нысанға баса-көктеп кірмекші болғанда қонақтар мен жергілікті ер азаматтардың арасында жанжал туындайды. Салдарынан 10-ға жуық адам түрлі дене жарақатын алған. Бейбіт күнде бір-біріне жұдырық ала жүгірген апталдай азаматтарға қатысты бүгін Тайынша аудандық №2 сотында үкім шықты.

Сот «Тиолайн» серіктестігі директорының орынбасары Саверский және онымен бірге төбелеске қатысқандарды кінәлі деп таныды. Мәселенің төркіні мынада: «Обуховский ГОК» кәсіпорнының құрылтайшылары «Тиолайн» қызметкерлерін кен-байыту комбинатының аумағына кіргізбеген. Осы жөнінде серіктестіктің өкілдері сотқа арыз тастайды. Бірақ, соттың шешімін күтпестен манағы жерге басып кірмекші болады. Соңы төбелеске ұласады.

Осылайша сот күзет агенттігінің 5 бірдей өкіліне 1 жыл 6 айға бас бостандықтарынан шектеу туралы үкім шығарды. Ал жанжалды ұйымдастыруға себепші болған «Тиолайн» серіктестігі директорының орынбасары Саверский 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Зардап шеккендердің біреуіне пышақ тигізген күзет агенттігінің бір қызметкері 1 жыл 6 айға темір торға тоғытылды.

 

 

 

Бердимурат Баймухан