МТРА жаңалықтары

Саяси қызметшілерді ротациялау институты енгізілді

Биыл елімізде саяси қызметшілерді ротациялау институты енгізілді. Бұл жайлы бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында баян етті. Мамандар өткен жылы атқарған жұмыстарын да тізді, тексеріс қорытындысын жариялады.

Қазіргі күні мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы – бейінді департаменттің жіті бақылауында. Өткен жылы мамандар 20-ға жуық тексеріс жүргізіп, 200-ге жақын олқылық тапқан. Дені мемлекеттік сатып алулар конкурсын өткізуге қатысты.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко тәртіптік жазаларға да тоқталды. Өткен жылы өңірде 600-ден астам мемлекеттік қызметшіге қатысты осындай шара қолданылған. Бұл оның алдындағы жылға қарағанда 135 жағдайға аз.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Біз жүргізген сараптамаға сәйкес, аталған тәртіптік жазалардың 416-сы – атқарушы органдарда, 206-сы аумақтық мемлекеттік органдарда қолданылды. Одан бөлек, Әдеп кодексін бұзғаны үшін 17 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды. Соңғы аталған жағдайлар 2019 жылмен салыстырғанда 22,7%-ға кеміп отыр.

Былтыр өңірдің мемлекеттік органдары 6 млн-нан астам қызмет көрсеткен. 90%-тен астамы – электрондық форматта. Осылайша, қағаз түрінде көрсетілетін қызмет саны 2 есеге қысқарып отыр. Тағы бір тоқталып өтетін маңызды жайт, ел бойынша биыл саяси қызметшілерді ротациялау институты енгізілген. Яғни, енді саяси қызметшілер белгілі бір лауазымға тағайындалғаннан кейін әрбір 4 жыл сайын орнын ауыстыратын болады.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Бұл ретте тиісті мемлекеттік орган басшысының шешімі бойынша саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі 2 жылға ұзартылуы мүмкін. Кейін сол мерзімді тағы 2 жылға ұзарту тек Президент жанындағы кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша жүзеге асырылады. Демек, саяси қызметшінің бір лауазымда қызмет етуі 8 жылдан аспайды.

Жалпы, бүгінде өңір бойынша 5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші бар. 63 пайыздан астамы – әйелдер. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 40-ты құрайды. Бүгінде бұл салада шамамен 600-ге жуық бос жұмыс орны бар көрінеді.

 

 

 

Бисенова Жанна