Бизнес және экономика

Петропавлда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді

Идеядан бастап  жеке кәсіпті жүргізуге дейін! Жергілікті кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына былтыр 800-ге жуық, ал биыл 40 іскер жан жүгінген. Мұндағы мамандар бизнес-жоспар жасап, құжаттарды әзірлеп, рәсімдеуге дейін қолғабыс етеді, кеңес береді.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы іскер азаматтарға 6 жыл бойы сервистік қолдау көрсетеді. Мұндағы мамандар бизнесті бастауға немесе жүргізуге септеседі. Көмек “Бизнестің жол картасы – 2025” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Айдос Ебжанов – облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Сервистік қолдау аясында біз бухгалтерлік есеп жүргізу бойынша және заңнама жөнінен қолдау көрсетеміз. Маркетинг және бизнес жоспарын әзірлеуге де қолғабыс етеміз. Тағы, құжат рәсімдеу, бастаған идеяны аяғына дейін жеткізуге атсалысамыз. Қазір орталықта 4 білікті маман қызмет етеді.

Өткен жылы орталық 900-ге жуық қызмет көрсеткен. Дені қаржылық сұрақтарға қатысты. Жалпы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 6 қызмет ақысыз түрде ұсынылады. Тізіммен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының ресми сайтында танысуға болады.

Айдос Ебжанов – облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы мамандарға жүгіну үшін жеке куәлік пен жеке кәсіпкерлік туралы құжат болса жеткілікті. Соңғы аталған құжат түрі болмаса мамандар оны рәсімдеуге көмектеседі. Сұрақтар туындаған жағдайда 50-28-74 нөміріне хабарласу керек.

Жалпы, өткен жылы жергілікті кәсіпкерлер палатасына 800-ге жуық кәсіпкер жүгінген. Оның 100-і – бизнесін жаңа бастаған жандар. Ал биыл мамандар 40-қа жуық тұлғаға сервистік қолдау көрсеткен.

 

 

 

 

Жанна Бисенова