Петропавлда 3 жігіт автобус аялдамаларын сындырып кеткен

Құқық қорғау органдары

21:49 22 Қаңтар 2021

Облыс орталығында вандализм әрекеттері тыйылмай тұр. Өткен жылы мұндай 61 жағдай тіркелсе, осы жылдың басынан 10-нан аса фактi орын алған. Жуырда Новопавловка кентінде бұзақылық жасалды. 3 бірдей жігіт еріккеннен автобус аялдамаларын сындырып кеткен.

Ел қорғар жігіттердің ойға қонымсыз әрекеті жаға ұстатады.
Достарымен бірге туған күн тойлап, түн ортасында үйді-үйге тараспақ болған. Жолай сап-сау тұрған аялдамаларға тиісе кеткен. Біреуін емес, қатарынан үшеуін бұзып тынған. Бұзақыларды полицейлер тапты. 1 апта бойы іздепті. Такси жүргізушілерінен сұраған, жақын маңдағы мекеме қызметкерлерімен сөйлескен. Көрген, білген болар ма деп? Ақыры көшеде тұрған бейнекамераның жазбасынан бір топ жігіттердің жүргенін көреді. Олардың мына жүрісі күдік туғызған соң, соларды іздестіреді.
Әуелде бұзақылар өз ісін мойындамапты, біз емес деп ат тонын ала қашқан.

Нұрбек Баекин – СҚО ПД баспасөз қызметінің инспекторы:

 – Бейнекамераларды тексеру барысында 3 адамның аялдама павильонының шыныларын аяқпен теуіп сындырғандары анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Петропавл қаласының 3 тұрғыны ұсталды. Олардың 2-уі – колледж студенттері, 1-уі – кәмелетке толмаған жасөспірім.

Жаңа аялдамалардың бір-біреуі 440 мың теңге тұрады екен. Енді бұзақылық жасаған жастар оның орнын толтыру үшін 1 млн 300 мың теңгеден астам сома төлеулері керек. Бұл факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. 2 студент пен жасөспірімге қатысты міндетті келу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
Жалпы, облыс орталығында өткен жылы 61 вандализм фактісі тіркелсе, биыл 10-нан астам жағдай орын алған.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Облыстық сот өкілдері өткен жылды қорытындылады
Полицейлер ІІО ардагері Қайдар Кашеновты 70 жылдық мерейтойымен құттықтады
Жамбыл ауданында шаруа қожалықтарының басшылары төрт түліктерін чиптеуде
«102» мобильдік қосымшасы іске қосылды
Абайлаңыз, көктайғақ
СҚО-да былтыр есірткіге қатысты 200-ге жуық факті тіркелген
СҚО-да 52 жастағы ер адам бірге тұрған әйелді өлгенше сабап тастаған
СҚО ПД-да ерлік сабағы өткізілді
СҚО-да өткен аптада 209 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген
СҚО-да есірткі саудасымен айналысқан 4 адам құрықталды
Облыстық ПД басшылығы әйелдер қауымын мерекемен құттықтады
Үздік тергеуші