Бүгін Петропавлда қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында мамандар шаһардағы азық-түліктердің бағасын талқылады. Айтуларынша бүгінде 3 түрлі тауардың құны 5-тен 10 теңгеге дейін қымбаттаған. Сондай-ақ, қоғамдық кеңес мүшелері тұрақтандыру қорынан сатылатын өнімдер жайлы да сөз қозғады.
Соңғы уақытта Петропавлда жұмыртқаның бағасы өсіп кетті. Мұны мамандар өңірде болған құс тұмауымен байланыстырып отыр. Себебі, аурудың салдарынан қалаға жұмыртқа тасымалдайтын бірнеше фабрика жұмысын тоқтатыпты. Осыған байланысты бұл өнімнің 10 данасы қазіргі күні 340 теңгені құрап отыр. Одан бөлек, қарақұмық пен сұйық майдың құны да 5 және 10 теңгеге қымбаттаған.
Мадияр Жангудин – СҚО ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
– Петропавлда бағаны тұрақтандыру қорынан сатылатын 19 тауардың 17-сі қымбаттамаған. Қазіргі күні тауық етінің бағасы өсті. Оның орташа бағасы ел қалалары бойынша – 819 теңге, ал Петропавлда 1 келісі 821 теңгені құрайды. Өйткені, басқа шаһарларда бұл тауардың құны күзде қымбаттап, кейін қайта арзандады. Ал біздегі баға тұрақты.
Қалалық қоғамдық кеңес өкілдері отырыста мынадай мәселеге тоқталды. Айтуларынша, бағаны тұрақтандыру қорының тауарларын сауда орындарынан табу қиын. Тұрғындар оны тез сатып алып кетеді немесе аз жеткізіледі.
Қайсар Сәрсенбаев – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Кейбір сауда орындарында сарымсақ, қарақұмық, күріш пен сұйық майдың көлемі өте аз. Қырыққабат жоқ. Сондай-ақ, “Корона”, “Семейный”, “Магнум” сынды сауда нүктелерінде бағаны тұрақтандыру қорындағы тауарлардың көбісін кезіктірмейсің. Сонда жұмыс істейтін адамдардан сұрасақ, олар тауарды аз әкеледі деп айтады.
Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының маманы Мадияр Жангудинның айтуынша, қалада бағаны тұрақтандыру қорының тауарлары сатылатын 6 нүкте бар. Тұрғындар қалаған тауарларын сол жерге барып, сатып ала алады дейді. Айта кетейік, қазіргі күні жергілікті бағаны тұрақтандыру қорында 153 тонна қырыққабат, 78 тонна макарон өнімдері, 60 тоннаға жуық қант пен 56 тонна қарақұмық бар.
Бердимурат Баймухан