МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы өңірлік ведомство өткен жылды қорытындылады

Жемқорлыққа қарсы өңірлік ведомство өткен жылды қорытындылады. Былтыр бармақ басты, көз қыстылық фактісіне қатысы бар 23 солтүстікқазақстандық жазаланған. Оның 8-і – мемлекеттік органдардың басшылары. Үкіметке келтірілген шығынның көлемі 651 млн теңгеден асады. Бүгінгі күнге дейін бұл соманың 95 пайыздан астамы өндіріліп алынған.

 

Жемқорлыққа қарсы өңірлік ведомство өткен жылы біраз шаруаның басын қайырған. Әрқайсысына жіті тоқтала кетейік. “Бизнесті және инвестицияларды қорғау” жобасы аясында департаментке түрлі мәселемен 84 кәсіпкер жүгінген. Олардың 67-сінің проблемасы оң шешімін тауыпты. Сонымен қатар, өткен 12 айда “Антикор” орталығының өкілдері шағын және орта бизнеске заңсыз араласудың 12 фактісін анықтады. Бұдан бөлек, «Сатып алудың бірыңғай терезесі» атты портал қызметін бастады. Жаңашылдық кәсіпкерлік қызметті цифрландыру аясында сатып алу нарығының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге септеседі.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Бұл қызмет кәсіпкерлерге, талдаушыларға және бақылаушы органдардың жұмысын жеңілдетуге арналған. «Бірыңғай терезе» 5 сатып алу алаңын, сервис сыйымдылығы 10 трлн теңгеден асатын 100 мыңнан астам тауарлар позициясын біріктіреді. Сервис сатып алу бағасының көтерілуін анықтауға, «көлеңкелі» айналымды қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Есептік кезеңде 46 мемлекеттік орган өз жоспарларының 100-ден астам тармағы бойынша өзгерістер енгізді. Жоба іске қосылғаннан бері жалпы үнемделген сома 1,3 млрд теңгені құрады.

“Антикор” орталығының мамандары жөнделіп жатқан жолдарға да ерекше көңіл бөледі. Былтыр жергілікті ведомство өкілдері “Сапалы жол” жобасы аясында 25 тексеріс жұмысын жүргізген. Нәтижесінде 32 бірдей бұзушылық анықталған. Анықталып қана қоймай, жауапты мердігерге ескерту жасалған және аумақты ретке келтіру жүктелген.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Өз баяндамамды жалғастыра отырып, сіздерді облыс аумағында өткен жылдың орын алған криминогендік жағдаймен қысқаша таныстырғым келеді. 2020 жылы СҚО бойынша департаментімен 99 қылмыс тіркелді, оның ішінде 81 немесе 82% сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал 651,5 млн теңгені құрады. Бүгінде оның 621,2 млн-ы өтелді.

Бармақ бастылық пен көз қыстылыққа барған 23 адам сотталды. Оның 8-і темір торға тоғытылды. Ал 12-сі 96 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген. 3 айыпты адамның бас бостандығы шектелді. Заңның ала жібін аттағандардың 8-і – мемлекеттік органдарда қызмет еткен жандар. Оның – 5-уі облыстық деңгейде, ал 3-уі аудандық деңгейде жұмыс істепті.

Дана Сәлімқызы