Қоғам

Энергетика саласындағы өзгеріс

Бүгін Петропавлда энергия өндіруші, беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілдері бас қосты. Жиында жауапты мекемелерге күзгі және қысқы кезеңде жұмыс істеу дайындығын растайтын паспортты беру тәртібі талқыланды.

Өткен жылдың желтоқсанында ҚР Энергетика министрі тиісті куәлікті рәсімдеуге қатысты бірнеше өзгеріс енгізген болатын. Биылдан бастап бұл қызмет толыққанды автоматтандырылды. Яғни, өтініш электрондық үкімет порталы арқылы ғана қабылданады. Құжаттарды қабылдау тамыз айының 15-і мен 30-ы аралығында жүргізіледі. Сонымен қатар, қызмет көрсету мерзімі де өзгертілді. Бұрын паспорт 20 күннің ішінде жасалса, бүгінде 15 тәуліктің ішінде әзірленеді. Мамандардың айтуынша, куәлік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органдардан беріледі.

Николай Борзилов – ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті СҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы:

– Бұдан былай, дайындық актісін әзірлеу кезінде сырттан бақылаушыларды шақыратын боламыз. Олар қоғамдық бірлестік, коммерциялық ұйым мен саяси партия өкілдері болуы мүмкін. Мақсат – жұмыстың мөлдірлігі мен ашықтығын қамтамасыз ету. Жұмыс істеуге дайындығын растайтын паспортты алмаған тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылады. 50-ден 300 АЕК-ға дейін айыппұл қарастырылған.

 

Бисенова Жанна