МТРА жаңалықтары

СҚО-да 91-ші жылы дүниеге келген 17 мыңнан астам адам тұрады

Тәуелсіздік құрдастары. Өңірімізде  91-ші жылы дүниеге келген 17 мыңнан астам адам тұрады. Олар  бүгінде туған жерінің көркейіп, дамуы үшін қызмет етіп жүр. Білімді де білікті жерлестеріміздің қатарында Сәлімхан Сәбитов те бар. Ол Қазақстанда алғаш болып  мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашты.

 

Маржан Қасымбек – тілші:


– Қазақ халқы Тәуелсіздікке жетуді ғасырлар бойы аңсады. Азаттық жолында тер де, қан да төгілді. Еркіндік үшін қазақ батырлары асынған қаруын айлап шешпей, жылдап жаумен күресті. Ал 20-шы ғасырда Алаш алыптары мен жастары бейбіт жолмен бостандыққа ұмтылды. Ақыры, арманымызға жеттік. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз.

Жерлесіміз Сәлімхан Сәбитов те тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген. Егеменді Қазақстанның құрдасы үшін де биыл аса маңызды жыл. Солтүстікқазақстандық белсенді жан туған жерінің мерейін асыру үшін тынбай еңбек етіп жүр. Ол 2019 жылы елімізде алғашқылардың бірі болып мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашты. Осылайша, талайлардың орындалмайтындай болып көрінген арманын орындауға ат салысуда.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Басқа қалалардан хабарласып, ол жақта да осындай мектеп ашуымды ұсынғандар көп болды. Бірақ, пандемияға байланысты жоспарымыз өзгертілді. Жобамды Өскемен, Көкшетау, Қостанай, Нұр-Сұлтанда ашқым келеді. Сұраныс жоғары. Облысымыздың өзінде 26 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың көбі осындай мүмкіндікке ие бола алады.

Сәлімхан Сәбитов бүгіннің өзінде 27 мүмкіндігі шектеулі жанға жүргізуші куәлігін алуға көмек қолын созған. Құжатқа ие болған жерлестеріміздің 3-уі өзінің жеке автокөлігін де сатып алыпты. Бұл – солтүстікқазақстандық азаматтың атқарып жүрген жалғыз игі ісі емес. Ол қоғам белсенділерімен бірігіп, ағайынды толғандырған сұрақтардың жауабын табуға да үлесін қосып жүр. Нақтырақ айтсақ, «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі қызметін атқаруда.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Бұл жобалық кеңсе арқылы халық атқарушы органдарға сене бастады. Біздің мақсатымыз да сол. Халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Осы бәлені жою.

Сөз соңында жергілікті статистик мамандар берген мәліметке тоқтала өтсек. Солтүстік Қазақстан облысында 91-ші жылы өмір есігін ашқан 17 мыңнан астам адам өмір сүреді екен. Оның 9 мыңға жуығы – ер азаматтар, қалғаны – нәзікжандылар.

Маржан Қасымбек