МТРА жаңалықтары

Облыстық мәслихатта тұрақты комиссия мүшелерінің отырысы өтті

Бүгін облыстық мәслихатта тұрақты комиссия мүшелерінің отырысы өтті. Шара барысында депутаттар алдағы жоспарларын талқылады. Сонымен қатар, халық қалаулылары сайлаудан бұрын халық арасында көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын нақтылады.

Биыл қаңтардың 15-сі күні VII шақырылымдағы СҚО мәслихатының 1-ші сессиясы өткен болатын. Жиын барысында өңірлік депутаттар облыстық мәслихат хатшысын сайлады. Ортақ келісіммен жауапты міндетке бұған дейін де осы лауазымда қызмет еткен Владимир Бубенко сайланды. Сонымен қатар, сессия барысында мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамы мен төрағалары да бекітілді. Айта кетейік, сайлау қорытындысы бойынша биыл облыстық мәслихатқа 30 депутат тіркелді. Олардың 24-і – «Nur Otan»-нан, қалған 6-уы – «Ауыл» мен «AQ JOL» партияларынан. Халық өз таңдауын жасады. Енді депутаттар ел үмітін ақтап, сайлаудан бұрын айтылған уәделерін орындаулары қажет. Осы мәселе төңірегінде талқылау үшін бүгін тұрақты комиссия мүшелері облыстық мәслихатқа жиналды.

Біржан Жалғасбаев – СҚО мәслихатының депутаты:

– Кеше елді мекендерде көтерілген сұрақтарды бүгін нақтылайтын боламыз. Соларды әр кварталға бөліп қарастырамыз.

Тұрақты комиссия мүшелерінің арасында өзге де партиялар мен кейінгі толқын өкілдері бар. Мәселен, Данила Подковыров 20 жаста. Депутат атанғанға дейін әлеуметтік жұмыстарға белсенді араластым дейді. Халық қалаулысы қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болуы керек дейді және өзінің болашақта көтеретін мәселелері де бар көрінеді.

Данила Подковыров – СҚО мәслихатының депутаты:

– Мен өзім мүшелік ететін партия атынан тұрғындармен көп жұмыс жасаған болатынмын. Жинаған біраз тәжірибем бар. Сондықтан, атқаратын жұмысымның басым бөлігі қоғамдық істерге бағытталады. Көтеретін мәселелер баршылық. Болашақта оның бәрін халықпен ақылдаса отырып шешуге ат салысамын.

Пандемияға байланысты бүгінгі отырыстың жартысы онлайн режимде өтіп жатыр. Депутаттар алдағы уақытта халықтың өтініштерін қашықтықтан қабылдақшы. Сондай-ақ, коронавирус басланысты ахуал тұрақтала салысымен елді мекендерді аралап, өңір жұртшылығымен жүздесу жоспарда бар дейді халық қалаулылары.

Бердимурат Баймухан