Қоғам

Kozybayev University студенттері жатақханаға орналастырылуда

Қозыбаев университетінің 1-ші курс жастары  жатақханаға орналасып жатыр. Демек, білім ордасының шәкірттері  санаулы күндерден кейін бастау алатын көктемгі семестрде  офлайн форматында оқымақ. Студенттер үйінде  барлық санитарлық талаптар қатаң түрде сақталатын болады.

 

Сара Тазабекова жергілікті Қозыбаев университетінде оқиды. Былтыр бойжеткен мұндағы жоғарғы медициналық мектебіне нейрохирургия мамандығына түсіпті. Болашақ дәрігер 4 ай бойы қашықтықтан білім алды. Соңғы жаңалықты, яғни 1-ші курс студенттері университетке келіп оқиды дегенді естіп, Сара қуанғанын жасырмады. Ол осыдан 2 күн бұрын шаһарымызға оңтүстік өлкеден келіп, университеттің 10-шы жатақханасына орналасты.

Сара Тазабекова – Kozybayev University студенті:

– Бізге басында 3-ші жатақханаға орналастырамыз деп айтты. Содан соң 10-шы жатақхнаға орналастырды.
Бізге жатақхана жайлы алдын ала айтылды. Жатақханаға орналасқанымыз туралы 15-і күндері бұйрық шықты. Университеттің сайтында жатақханаға орналасуға керекті құжаттардың тізімі тұрды. Соған қарап барлығын алып келдік.

Санитарлық ережелерді ескере отыра, Қозыбаев университетінің 1-ші курс студенттері енді оқу ордасының қабырғасында білім алады. Сондай-ақ, мамандықтарына байланысты 2-ші мен 3-ші курс жастары да университетке келіп оқитын болады.

Нұрлан Баимбетов – Kozybayev University тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:

– Қазіргі жоспар бойынша жатақханалардың сыйымдылығын ескере отырып, 600-ге жуық студент қабылдамақшымыз. Әрине, санитарлық нормалар міндетті түрде сақталады. Олар: ғимаратқа кірген кезде дене температурасын өлшеу, қолды антисептикпен өңдеу және арақашықтықты сақтау.

Жергілікті университеттің жатақханасында тұру үшін студенттер қаңтардың 5-сі мен 11-і аралығында онлайн түрде өтініш білдірген. Қазір онда алдымен 1-ші курс студенттері орналастырылуда. Қауіпсіздік шаралары – әрине, басты назарда. Яғни, бір бөлмеде 2 адамнан тұратын болады.

Нұрлан Баимбетов – Kozybayev University тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы:

– Барлық бөлмелерде тұрмыстық жабдықтар қамтылған. Олар: электрлік плиталар, қажетті жиһаздардың барлығы бар.

Жатақханада тұру үшін студенттер тарапынан 500-ден астам өтініш келіп түскен. Жартысына жуығы жайлы орынмен қамтылды.

Алтынай Қазиқан