Спорт

ЕС-164/6 мекемесінде спорттық шара ұйымдастырылды

“Қыстық бастаулар-2021”. Бүгін қаладағы ЕС-164/6 түзету мекемесінде спорттық шара ұйымдастырылды. Жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектер 7 түрлі эстафеталық ойынға қатысып, өзара сайысты.

Бұл – ЕС-164/6 түзету мекемесі. Мұндағы қыз-келіншектер бүгін “Қыстық бастаулар-2021” іс-шарасына қатысып жатыр. Олар 3 топқа бөлініп, 7 спорттық бағыт бойынша сынға түсті. Дені – эстафеталық ойындар. Тәрбиелік мақсатта өткізіліп жатқан шараға
Зарина Іспенбетова да қатысып жатыр. Айтуынша, спортқа икемі бар.

Зарина Іспенбетова – жазасын өтеуші:

– Көп күш жұмсауға тура келуде. Өзім спортқа жақын адаммын. Әсіресе, секіру мен жүгіруден. Күнделікті өмірлерінде еш өзгеріс бола қоймайтын мұндағы қыздар үшін есте қаларлық күн деп ойлаймын.

Спорттық шара түзету мекемесінде алғаш рет өтіп жатыр. Көбінесе интеллектуалдық және өнер додалары ұйымдастырылатын көрінеді. Жасақ бастығы Тана Қазжанованың айтуынша бүгінгі шараны өткізуге осындағы жазасын өтеушілер қолқа салған екен.

Тана Қазжанова – ЕС-164/6 мекемесінің жасақ бастығы:


–  ЕС-164/6 мекемесінде сотталғандар арасында салауатты өмір салтын қолдау мақсатында “Қыстық бастаулар-2021” атты спорттық іс-шара өткізілуде. Іс-шараны өткізуге сотталғандар арасында белсенділік байқалғаннан кейін әкімшілік тарапынан қолдау көрсетіліп, ұйымдастырылды.

Нәзікжандыларға мұнда тәтті-дәмдіге толы дастархан да жайылған. Ыстық шәй ішіп жылынып, тәтті тоқаштармен жүрек жалғауларына да болады. Қазіргі таңда мекемеде 200-ден астам қыз-келіншек жазасын өтеуде.

Алдияр Айтпаев