Спорт

Жергілікті спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді

1 алтын, 2 күміс және 2 қола. Өткен аптада Қостанай қаласында жүзуден Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Көпсайыстан тұратын додаға 2006 жылы туылған ұлдар мен 2008 жылғы бұрымдылар қатысты. Елдің түкпір-түкпірінен 19 команда бақ сынаған жарыста өңір спортшылары жақсы нәтиже көрсетті.

Ел біріншілігінде өнер көрсеткен спортшылар “Дельфин” олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бассейнінде жаттығады. Қазақстан чемпионатында бақ сынаған жастардың арасында Егор Василенко да бар. Жарыста жерлесіміздің қарқынына өзге спортшылар дес бере алмаған көрінеді. Ол өңірімізге алтыннан алқа тағынып оралды. Жасөспірімнің бұл спортпен айналысып жүргеніне – биыл 10 жыл.

Егор Василенко – суда жүзуден өткен ел біріншілігінің чемпионы:

– Суда жүзу спортына 4 жасымда келдім. Қазіргі жасым – 14-те. Бұл спортқа әкем ертіп келген болатын. Жарыстарға 10 жасымнан бастап қатысып жүрмін. Солардың ішіндегі ең беделдісі – Қостанайдағы ел біріншілігі. Жекелей ұйымдастырылған сайыста 4 қашықтық бойынша сынға түстім. Бәрінде де жақсы нәтиже көрсеттім. Алтын жүлде еншіледім.

Айта кеткен жөн, эстафета сайысында да жерлес спортшылар үздіктер қатарынан көрінді. 50 және 25 метр қашықтықтарда бәсекеге түскен бұрымдыларымыз өңірімізге 2 күміс жүлдемен оралды. Ал ұлдар жағы 25 метрде қоланы қанағат тұтты.

Максим Завгородний – “Дельфин” ОРМБЖСМ аға бапкері:

– Пандемияға байланысты спортшылар бір жылға жуық уақыт үйлерінде болды. Соған қарамастан біріншілікте жақсы өнер көрсетті. Чемпионатқа елдің түкпір-түкпірінен 118 ұл бала мен 78 қыз қатысты. Барлығы – 19 команда. Біздің құрама 7 ұл мен 5 қыздан тұрды. Төрешілер спортшыларымызды жоғары бағалады.

Қазіргі таңда “Дельфин” олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі бассейінде 384 жеткіншек жаттығады. Спортшылар судағы жаттығудан бұрын бір сағат денелерін қыздырып алады. Кейін барып түрлі қашықтыққа жүзеді, тыныс алу әдістерін меңгереді. Бүгінде мұндағы ұл-қыздарға 9 бапкер бағыт-бағдар беруде.

Алдияр Айтпаев