Құрылыс

Жас өркен ықшам ауданында көпқабатты 10 үй салынып жатыр

Петропавлдағы Жас өркен ықшам ауданында көпқабатты 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Зәулім нысандар  сүрілген жер үйлердің орнында тұрғызылуда. Жаңа баспаналардың 3-уі Горький көшесінің бойында орналасқан. Үйлердің бірі – панельден, қалған 2-уі кірпіштен салынып жатыр.

Жанна Бисенова – тілші:

– Қаламыздағы Жас өркен – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан ықшам аудан. Мұнда Оқушылар сарайы, спорт нысандары, мектеп бой көтерді. Зәулім үйлер де тұрғызылды. Алдағы уақытта жаңа қазақ музыкалық драма театры да есігін айқара ашпақ. Ал дәл осы жерде, яғни Горький көшесінің бойында 3 көпқабатты үйдің іргетасы қалануда.

Бұл – болашақ 3 көпқабатты үйлердің бірі. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында бастау алған. Бүгінге дейін жалпы шаруаның 15%-ы тындырылыпты. Нақтырақ айтсақ, нысанның іргетасы қаланып, астыңғы қабаты салынған. Қазір 1-ші қабат тұрғызылып жатыр. Іске “Зерттеу СК” серіктестігі жауапты. Қазір нысанда аталған кәсіпорынның 30-ға жуық маманы тер төгуде. Олардың орташа айлық жалақылары 130 мың теңгені құрайды.

Жанболат Ахметов – “Зерттеу СК” ЖШС бригадирі:

– Біз сағат 8-ден 6 жарым, 7-ге дейін жұмыс істейміз. Жалақы өзіме жетеді. Қазір сыртқы жұмыстар жүріп жатыр, кейін ішкі жұмыстарға көшетін боламыз.

9 қабатты нысанның ішінде 72 пәтер болмақ. Оның тең жартысын 1 бөлмелілер құрайды. Тағы, 18 – екі, дәл осындай көлемде үш бөлмелі баспаналар қарастырылмақ. Ал нысанның жалпы ауданы 4 мың 200 шаршы метрді құрайды. Айта кеткен жөн, үй “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Демек, аталған тұрғындарға жоба аясында тапсырылады. Мердігердің айтуынша, құрылыс жұмыстарында кадр тапшылығы байқалады.

Евгений Махиня – “Зерттеу СК” ЖШС директоры:

– Шыны керек, бізге тас қалаушылар жетіспейді. Қазір бұл сұрақ шешіліп жатыр. Тағы, сантехник, электрик және дәнекерлеуші мамандардың да тапшылығы байқалады. Дегенмен, шаруа кесте бойынша жүріп жатыр. Құрылыста тек отандық өнімдерді қолдануға тырысамыз. Жобаның іске асырылуына мемлекет есебінен 770 млн теңге қаржы бағытталған.

Бірнеше метр жерде тағы 2 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша Горький көшесіндегі 3 баспана үстіміздегі жылдың тамызында тапсырылуы тиіс. Ал жалпы қазір Жас өркен ықшам ауданында 10 жаңа тұрғын үй салынуда.

Жанна Бисенова