Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-на жұмыс сапарымен Үкімет басшысы келіп кетті

Бүгін аққайыңдар өлкесіне жұмыс сапарымен еліміздің Премьер-Министрі келіп кетті. Солтүстік Қазақстан облысында Асқар Мамин инвестициялық жобалар аясында атқарылып жатқан шаруалармен танысып, бірнеше нысанды аралады. Сонымен қатар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған перспективалары жөнінде кеңес өткізді.

Үкімет басшысы өңірімізге келе салысымен бірнеше кәсіпорынға бас сұғып, сонда атқарылып жатқан шаруаны көрді. Ол алдымен «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағындағы жаңа зауытқа бас сұқты. Мұнда алдағы уақытта электр техникалық қондырғылар жасалмақ. Яғни, нысан іске қосылысымен осы жерде жылына 13 мың трансформатор құрастырылатын болады. Жобаның құны – 10 млрд теңге. Кейін Асқар Мамин «Солтүстік фанер комбинаты» мен құрылысы 2022-ші жылы аяқталатын көпбейінді облыстық аурухаға барды. Айта кетейік, соңғысы – өңірдегі ең ауқымды жоба. Заманауи емдеу мекемесінің бой көтеруіне 115 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған.

Асхат Молжігітов – СҚО көпбейінді ауруханасы кардиология орталығы бас дәрігерінің бірінші орынбасары:

– Аурухана 480 адамға шақталған. Одан бөлек, күндізгі стационарда 40 орын болмақ. 7 қабатты нысан онкологиялық, кардиологиялық, перинаталдық және көпбейінді орталықтардан тұратын болады. Сонымен қатар, ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталады.

Премьер-Министр Асқар Мамин “Петропавл ауыр машина жасау” зауытына да ат басын бұрды. Мұнда биыл азық-түлік өнімдерін тасымалдауға арналған термос вагондарды құрастыратын зауыт іске қосылғаны мәлім. Өндіріс ошағында бүгінде 200 адам жұмыс жасауда. Олар жылына 1200-ге жуық вагон жинамақ.

Ахан Кәрімов – “Cool Infinity” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:

– Былтыр тамыз айында біз термос-вагондарды жасау құқығын иеленіп, тиісті сертификат алдық. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 2 млрд теңгені құрады. Ал биыл бұл сома 6-7 млрд теңге шамасында болмақ. 2021-де ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазір қаржы мәселесі шешіліп жатыр. Іске 13 млрд теңге бағытталуы тиіс. Жоспардағы шаруа тындырылса, жылына 1200-1400 вагон жасайтын боламыз. Екі қолға бір күрекпен қамтылған мамандардың саны да 500-ге артпақ.

Жұмыс сапары соңында Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Жиында Асқар Мамин теріскей өңірін дамытуға тағы да серпін беру қажеттігін айтты.

Асқар Мамин – ҚР Премьер-Министрі:

– Солтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешенде, өңдеу өнеркәсібінде және басқа да салаларда үлкен әлеуетке ие. Өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының жоғары болуын қамтамасыз етуге елеулі серпін беру қажет.

Бердімұрат Баймұқан