Құқық қорғау органдары

Петропавлда жыл басынан бері 26 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

Интернет-алаяқтардан сақ болыңыз! Жыл басынан бері облыс орталығында 26 адам арам пиғылды жандардың құрығына ілігіп, сан соғып қалған. Ал 7 тұрғынды банк қызметкерінің атын жамылған пысықайлар алдапты. Бұл жайлы жергілікті тәртіп сақшылары мен қаржы ұйымдарының өкілдері ұйымдастырған жиын барысында айтылды.

Алаяқтыққа қатысты фактілердің бірі жақында орын алды. Өзін банк менеджерімін деп таныстырған арам пиғылды адам, қала тұрғынын алдап, банктен 200 мың теңге көлімінде несие рәсімдетеді. Рәсімдетіп қана қоймай, ақшаны өз есепшотына аудартады. Кейін, зым-зия жоқ болған. Зардап шегуші бұл оқиға жайлы тәртіп сақшылары мен банк қызметкерлері ұйымдастырған жиын барысында айтып берді. Және көпшілікті абай болуға шақырды.

Жангелді Әпенов – қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Бүгінгі жиналып отырған жиналысымыздың басты мақсаты – тұрғындарға интернет-аляқтардан сақ болуды ескерту. Жиналысқа банк қызметкерлерін, басшыларын шақырып, интернет желісінде олардың қандай көмек бере алатындығы туралы жалпы сұрақтар көтерілді. Қалалықтарға айтатырымз бар! Банк қызметкерлері ешқашан сіздерге қоңырау шалып, сіздің жеке ақпараттарыңызды сұрамайды.

Жыл басынан бері 26 Петропавл тұрғыны интернет-алаяқтық пен осыған ұқсас жағдайдың құрбаны болған. 7 адам банк қызметкерінің атын жамылып, алдап соққандардың құрығына түскен. Ал өткен жылы 97 факті тіркеліпті.

Жандос Мұқатов – қалалақ ПБ бастығы:

– Қазір тұрғындардың басым бөлігі онлайн-сауда жасайды. Себебі, бұл өте ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді. Оңай жолмен ақша тапқысы келетін алаяқтар осыны біліп, адамдарды алдауға тырысады. Проблемамен бәріміз бірігіп күресуіміз керек.

“Егер мұндай жағдайға тап болсаңыз, бірден банктердің CALL-орталығына хабарласып, мән-жайды анықтаңыз”,- дейді тәртіп сақшылары. Жиын соңында полицейлер мен қаржы мекемелерінің өкілдері алдағы уақытта бірлескен профилактикалық жұмыстар жүргізетіндерін айтты.

Маржан Касымбек