Ауыл шаруашылығы

Петропавлда ұн тарту өнеркәсібінің мәселесі талқыланды

Солтүстікқазақстандық ұн тартушылар дабыл қағуда! Соңғы уақытта елдегі диірмендердің жартысынан көбі банкротқа ұшырап, ұн экспорты екі есеге төмендеген. Бұның себебі неде? Бидай өңдеуші кәсіпорындарды сақтап қалу үшін не істеу қажет? Түйткілді мәселені шешу жолдары облыстық Кәсіпкерлер палатасында өткен жиында талқыланды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында солтүстікқазақстандық ұн тартушылар жиі жиналады. Олар әр бас қосқан сайын өз істеріндегі өзекті мәселелерді көтереді. Қазір сала дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Сөз алғандардың айтуынша, бүгінде күллі Қазақстандағы бидай өңдеуші кәсіпорындардың 70 пайызы банкротқа ұшырап, жабылудың аз-ақ алдында тұр. Оған себеп – республикада астық экспортының айтарлықтай артуы, ал ұн саудасының бірнеше есеге төмендеуі.

Иса Аллахяров – “Тимирязев ұн тарту комбинаты” ЖШС директоры:

– Саладағы бірнеше себепке байланысты кәсіпорындар ұн өндіру көлемін азайтуға мәжбүр. Егер қазір ешқандай әрекет жасалмаса, еліміз өз өндірісін жоғалтып алуы мүмкін. Бүгінде Қазақстанда небәрі 270 ұн тарту кәсіпорыны бар. Бір кездері көрсеткіш мыңнан артық еді. Бұл өндіріс ошақтарының 50-ге жуығы аққайындар өлкесінде орналасқан. Барлығындағы жағдай көңіл көншітпейді. Мысалы, мен басқаратын комбинатта 3 жыл бұрын 130 адам қызмет етса, қазір 25 кісі ғана тер төгеді. Бұрындары күніне 1200 тонна ұн өндіретінбіз. Ал бүгінде тәулігіне бар-жоғы 100 тонна өнім шығарамыз.

Салаға сыртқы факторлар да кері әсерін тигізуде. Мысалы, бұрындары Қазақстан Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сынды мемлекеттерге үлкен көлемде ұн экспорттапты. Ал қазір аталған елдердің кейбірі дайын өнім емес, бағасы төмен шикізатты көптеп алып, өздерінде өңдейтін болған. Осылайша дайын дүниемен ішкі нарықтарын қамтыған әрі қымбатқа шекара асырған. Мұның салдарынан отандық тауарға сұраныс одан әрі төмендеген. Осы орайда мынадай статистикамен бөлісейік: 2012 жылы іргедегі Өзбекстанға 658 мың тонна астық пен 1,2 млн тонна ұн саудаланыпты. Ал былтыр оңтүстіктегі көршілерімізге 2,3 млн тонна алтын дән мен 650 мың тонна ұн жеткізілген екен. Тәжікстанмен де осыған ұқсас жағдай орын алған.

Таисия Колегова – “СевЕсильЗерно” ЖШС коммерциялық директоры:

– Қазір қазақстандық ұнның жалғыз сатып алушысы бар. Ол – Ауғанстан елі. 2014 жылы Қазақстан аталған мемлекетке небәрі 63 мың тонна астық экспорттаса, былтыр 577 мың тонна өнім сатқан. Өсім 9 есені құрайды. Дегенмен, әріптестеріміз ішкі тұрасыздыққа қарамастан өздерінде қайта өңдеу ісін мықтап қолға алуда. Демек, алдағы уақытта Өзбекстан, Тәжікстанға ұқсас жағдай орын алуы мүмкін. Ал егер орын алса, еліміз сенімді серіктесінен айрылады. Бұл мәселеге қазір баса назар аударылуы қажет.

Жиында тағы бір мәселе көтерілді. Ағымдағы жылы ұн биржалық тауарлардың тізіміне енді. Осылайша ол еркін түрде сатылмайтын өнімдердің қатарына қосылды. Кәсіпкерлерді алаңдататын тағы бір проблема бар. Ол – ұнды тасымалдау тарифінің қымбаттауы. Енді 1 вагон дүниені шетелге жеткізу үшін 28 мың теңге артық төлеу қажет. Яғни, Қазақстан Темір Жолы бағаны 30-35 пайызға көтерген.

Иса Аллахяров – “Тимирязев ұн тарту комбинаты” ЖШС директоры:

– Мәселені шешу үшін осы салада жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсету қажет. Атап айтқанда, теміржол тасымалы мен өңдеу кәсіпорындарының шығынын жабу үшін мемлекеттен субсидия қарастырылуы керек. Сонда ісіміз анағұрлым жеңілдеп, оңға басады.

Шара соңында жергілікті ұн тартушылар облыстық Кәсіпкерлер палатасы өкілдеріне өздерінің бұйымтайларын жеткізді. Олар ұнның биржалық тауарлар тізімінен алынып тасталғанын қалайды және Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сынды елдерге астықты аз экспорттауды сұрайды. Жиынды ұйымдастырушылар, яғни “атамекендіктер” мәселені жауапты министрліктерге міндетті түрде жеткізетіндіктерін айтты.

Ешкенова Дана