Спорт

Мектеп оқушылары ұлттық ойындарды үйренбек

Асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ! Биылғы Президент пәрменіне сәйкес, аталған ұлттық ойындар Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқу бағдарламасына енгізілді. Қазір оқушылар аптасына үш рет болатын дене шынықтыру пәнінде асық атып, тоғызқұмалақ ойнап жүр. Болашақта тізім төзімділік пен батылдыққа тәрбиелейтін қазақ күресімен де толығуы мүмкін.

Асық ату – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. “Бұл ойын асқан қырағылық пен ептілікті талап етеді”,- дейді Абай атындағы қазақ мектеп гимназиясының 7-ші сынып оқушысы Нұртілеу Шұғай. Жеткіншектің қолына сақа алып, бір сызықтың бойында тізілген асықтарды көздегеніне 2 жыл болыпты.

Нұртілеу Шұғай – Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Бұл ойын өзіме қатты ұнайды. Себебі, ол – қазақ халқын сипаттайтын ең басты ойындардың бірі. Және ойынның бұл түрі ой мен қырағылықты дамытады.

Оқу ошағының ұлдары асық атуға жақын болса, ал қыздары “Бес асық” ойнағанды ұнатады екен. Олар бұл ойынның қыр-сырын, ережесін жақсы біледі.

Жансая Малғаждар – Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Бұл ойын шапшаңдық пен ширақтықты талап етеді. Бірінші кезеңде бір асықтан, екінші кезеңде екеуден, үшіншіде үш асықтан қағып алу керек. Мен дене шынықтыру сабағын “Бес асық” ойыны үшін асыға күтемін.

Ал бұл жерде оқушылар тоғызқұмалақ ойнап жатыр. Тоғызқұмалақ – “жеті рет өлшеп, бір рет кесуді” талап етеді. Яғни, адамның ойлау жүйесін дамытатын ойын.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Мектепте оқыған кезде мен де тоғызқұмалақты сүйіп ойнайтынмын. Себебі, құмалақтарды есептеу арқылы математикалық сауаттылықты, логиканы арттыруға болады. Әрі адамның шыдамдылығы да шыңдалады.

“Телефоннан басымызды көтеріп, күніне 1-2 сағат тоғызқұмалақ ойнасақ, ойлау қабілетіміз бен логикамыз дамиды”,- дейді Асылжан Ерсайын. 11 жастағы жерлесіміз ұлттық ойынның қыр-сырын меңгергелі бері біраз сайысқа қатысып, жүлделі орындардан көрініпті. Мысалы, былтыр республикалық жарыста 3-ші орын еншілеген екен.

Асылжан Ерсайын – Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Маған бұл ойын ұнайды. Оған математикамен, көбейту кестесін жатқа білу керек.

Биыл ұлттық ойындар Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқу бағдарламасына енгізілді. Қазір оқушылар аптасына үш рет болатын дене шынықтыру пәнінде асық атып, тоғызқұмалақ ойнайды. Болашақта тізім қазақ күресімен де толығуы мүмкін.

Қуат Хайруллин – Қазақ мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі:

– Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық ойындарды мектеп бағдарламасына кіргізу туралы өзінің жарлығына қол қойған болатын. Ең жақсы төл спортымыз. Бұл ойындар ұмытылып қалса да, қазір жаңғыртып, өзіміздің оқу бағдарламамызға кіргізіп жатқан жайымыз бар. Бұл – өте әсерлі және жақсы ойын. Өйткені, балалардың қызығушылығын арттырып қана қоймай, моторингін дамытады.

Әзірге, бұл жаңашылдық Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясында ғана қолға алынған. Алдағы уақытта тың жүйе шаһардағы басқа да білім ошақтарына енгізілмек.

Алтынай Қазиқан