Білім

ҰБТ-ның алғашқы кезеңі бастау алды

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңі бастау алды. Биыл мектеп бітіретін 3400 солтүстікқазақстандық оқушының басым бөлігі  сынақ тапсыруға ниет білдірген. Осы сында жинаған ұпайлары арқылы түлектер  жоғары оқу орнының ақылы бөліміне түсе алады.

Қаз-қатар тізілген оқушылар кезекпен дезинфекциялық туннельден өтуде. Оларды кіреберісте арнайы комиссия мүшелері күтіп тұр. Мұндағы мамандар жастардың құжаттарын қарайды. Кейін, металл іздейтін құрылғымен тексеріп, тыйым салынған заттардың бар-жоғын анықтайды.

Тестілеудің алғашқы кезеңінде білімін сынауға келген жастардың қатарында Алтынбек Калкенов та бар. Аққайың ауданындағы Рублевка орта мектебінің оқушысы болашақта мұғалім болуды армандайды екен. Ол үшін 3 негізгі пәнге қоса математика мен физиканы терең оқып жүр. Сынақ тапсырушы жас бұл күнге біраз дайындалған айтты.

Алтынбек Калкенов – Рублевка орта мектебінің оқушысы, Аққайың ауданы:

– Бір күнде 2 пәнді оқыдым. Математика мен физикаға 2 сағат уақыт бөлдім. Математика өте қиын болады. Формулаларды жаттап, есте сақтауға біраз уақыт жұмсадым.

Тексерістен өтіп болған оқушылар кабинеттерге жіберіледі. Нысан ішінде сынақ тапсырушыларға арналып 11 аудитория әзірленген. Әр партаның үстіне калькулятор қойылыпты. Оны қолдануға болады. Ал ұялы телефонды пайдалануға рұқсат етілмейді. Талап бойынша құрылғыны 1-ші қабаттың кіреберісінде қалдырып кету керек. Бөлмелерге камера орнатылған. Ол іштегі жағдайды бастан-аяқ түсіреді. Әрі аудиторияларға ұялы байланысты бұғаттайтын құралдар да орнатылған.

Ербол Исақаев – Kozybayev University ректорының міндетін атқарушы:

– Қаңтар айында ұйымдастырылған тестілеу ақылы түрде жүргізіліп жатыр. Шамамен 3 мың теңге тұрады. Жалпы, бүгін 138 оқушы сынақ тапсыруда. Олар Қызылжар, Аққайың, М.Жұмабаев аудандарынан келді.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Сағат тілі 9-ды көрсеткен кезде талапкерлердің барлығы кабинеттерге жайғастырылып, ҰБТ басталды. Ұл-қыздар берілген тапсырмаларды 3 сағат 50 минут ішінде аяқтаулары қажет. Ал жауабы бүгін кешкі 5 кезінде дайын болады.

Жалпы, облыс бойынша биыл мектеп бітірушілер саны 3400-ді құрайды. Оның 2 мыңнан астамы сынақ тапсыруға ниет білдірген. Ал ертең Kozybayev университетінде Қызылжар, Аққайың, М.Жұмабаев және Мамлют аудандарының 100-ден астам оқушысы тестілеуден өтпек. Бүгін бастау алған ҰБТ-ның алғашқы кезеңі қаңтардың 26-сы күні аяқталады.

Маржан Қасымбек