Спорт

Қарымта матч құлагерліктердің пайдасына шешілді

Кеше кешке елордада жергілікті “Nomad” командасымен петропавлдық “Qulager” арасында қарымта матч өтті. Бұл кездесуде солтүстікқазақстандықтардың айы оңынан туды.

Теріскейліктер бас қаланың имек таяқ шеберлерін 2 де 3 есебімен тізе бүктірді. Тартысқа толы ойында Илья Ахметов, Денис Стасюк пен Кирилл Власов сынды үздіктеріміз көзге түсті. Соңғы шайба бәсекенің 53-ші минутында салынды. Мұз айдында шабуылшыларымыз шебер қимылдап, қарсылас қақпашыны қапы қалдырды. Осылайша клубқа көптен күткен жеңіс сыйлады. Матчты онлайн режимде тамашалаған көрермендер қызықты хоккейдің ғана емес, бірнеше төбелестің де куәгері болды. Қос ұжымның спортшылары сан мәрте ызаға булығып, бір-біріне жұдырық ала жүгірді. Тіпті, спорттық жабдықты лақтырған, имек таяқты сындырған сәт те орын алды. “Qulager” құрамасы 32 кездесуден кейін турнирлік кестеде 7-ші орында тұр. Қоржында 48 ұпай бар. Жерлестеріміз келесі ойынды қонақта қаңтар айының 22-сі күні өткізбек. Біздің жігіттердің бұл жолғы қарсыласы – өскемендік “Алтай Торпедо”.

Култанов Байболат