МТРА жаңалықтары

«Qyzyljar – Adaldyq alańy» жылды қорытындылады

Сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу және қоғамда парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру! Бүгін Антикор орталығында өткен онлайн жиында «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өткен жылы атқарған жұмысы қорытындыланды.

Жиын барысында жобаның кураторы – облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовке өңірде жемқорлыққа қарсы тиімді жұмыс жүргізіліп жатқаны үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтің алғыс хаты табыс етілді.2020-да елімізде қоғамдық бақылаудың интерактивті картасы іске қосылған болатын. Оның көмегімен бюджеттен бөлінетін қаражаттың қайда жұмсалатынын анық көруге болады. Одан бөлек, аталған портал арқылы тұрғындар өз өтініштерін білдіре алады. Ал өтініштермен «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесі айналысады. Былтыр мамандарға 42 жерлесіміз жүгінген екен. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау саласы мен әлеуметтік мәселелерге қатысты арыз-шағымдарын жеткізген. Өзекті мәселелердің барлығы қарастырылып, жауапы органдарға бағытталған. Қоғам белсенділері 500-ден астам дәріханаға бас сұғып, ондағы дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізген. Нәтижесінде 16 әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылыпты. Сонымен қатар, білім беру саласы да назардан тыс қалмаған.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Біздің өңірімізде 11 мыңнан астам оқушыға қашықтықтан оқу үшін компьютер берілген болатын. Сондықтан, біз білім беру басқармасымен бірге мониторинг жүргіздік. Осыған қатысты еш олқылық анықталған жоқ, тұрғындардан да шағым түскен жоқ. Тағы, жатақханалардағы жағдайдың қаншалықты қолайлы екендігін де үнемі бақылап отырамыз.

Жанна Бисенова